Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылды округінде өндірістік аймақ құрылысын салу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жалпы көлемі 10 гектарды құрайтын бұл аймақ – өңірдегі өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған ірі жобалардың бірі.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен құрылыс алаңында болып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Ол құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкерлермен жеке кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Бүгінгі таңда бұл өндірістік аймақта 9 кәсіпкер өз жобаларын бастап кеткен. Жоспар бойынша, аумақта жиһаз өндірісі, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өңдеу сынды бағыттар қамтылады. Жобалар іске қосылған соң, отандық өнімдер ішкі нарыққа шығарылып, тұтынушыларға қолжетімді әрі сапалы тауар ұсынылатын болады.
Өндірістік аймақтың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің жандануына, сондай-ақ аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қоспақ.
Жергілікті билік тарапынан инженерлік инфрақұрылым тарту, жол, су, электр жүйесімен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ресми түрде ашылған соң мұнда түрлі кәсіпорындар орналасып, жұмысын жандандырады деп күтілуде.