2025 жылдың І жарты жылдығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Оранғай ауыл округінің тұрғындарымен кездесті. Басқосуда ауылдың даму мәселелері мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды. Кездесуге ауыл тұрғындары, аудандық әкімдік өкілдері және бөлім басшылары қатысты.
Кездесу барысында округ әкімі Берік Қуандық 2025 жылдың алғашқы бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп берді. Әкімнің айтуынша, ауыл округінде ауқымды жұмыстар атқарылып, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілген.
Атап айтқанда, салық түсімдерінің жоспары артығымен орындалып, мүлік салығы – 102,7%, жер салығы – 788,9%, көлік салығы 255% мөлшерде орындалды. Сонымен қатар, 247 адам жұмыспен қамтылды. Ауыл шаруашылығы саласында 2 900 гектар жер игеріліп, 1,45 млрд теңге инвестиция тартылды. 169 шаруа қожалығы 2 975 гектар жерге егін егіп, ауылда 101 жеке кәсіпкер, 34 нысан мен 169 шаруа қожалығы белсенді жұмыс істеуде.

Есепті кездесуде тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, ауылдың инфрақұрылымын дамытуға қатысты бірнеше маңызды мәселені көтерді. Атап айтқанда, көлік жолдарын жақсарту, жол белгілерін орнату, жаңа әлеуметтік нысандар салу, балалар алаңдарын көбейту, жер телімдерін бөлу мәселесін шешу және шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету туралы ұсыныстар айтылды.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде ауылда ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтіп, тұрғындармен бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды. Ол көтерілген барлық ұсыныстар ескерілетінін және оларды кезең-кезеңімен шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.