19.04.2026
су (2)

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен Үшқайық ауыл округіне барды. Сапар аясында С.Қожанов елдімекенінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, елдімекенді таза ауыз сумен қамту бағытында қолға алынған жобаның жүзеге асу барысын бақылап қайтты.

Елді мекенде тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның тапсырыс берушісі — Сауран ауданы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Қазіргі таңда мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүруде.

Жалпы ұзындығы 20,9 шақырым болатын су құбыры толығымен жаңартылып, 235 абонентке таза ауыз су үздіксіз жеткізілетін болады. Сондай-ақ 2 мектеп, 1 балабақша, мешіт және зертхана секілді әлеуметтік нысандар да сапалы сумен қамтылады.

Аудан басшысы құрылыс нысанына барып, мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, жұмыс сапасына қатысты нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, жобаның мерзімінде және сапалы орындалуын қадағалауды жауапты сала басшыларына жүктеді.

Бұл жоба – халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге, тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Су — тіршіліктің көзі. Сондықтан аудан әкімдігі тарапынан ауыз сумен қамту мәселесі әрдайым басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылып келеді.

Айта кетейік, С.Қожанов елді мекеніндегі бұл жоба — Сауран ауданында халықтың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі болып отыр.

Жалпы, Түркістан облысы көлемінде ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған 63 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде 36 жобаны биыл аяқтау көзделіп отыр. Нәтижесінде 30 ауылдық елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық елді мекендерді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аталған жоба шеңберінде биыл 142 елді мекенде бірқатар әлеуметтік нысандарда құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *