Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Президенті телерадиокешенінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Шежіреден болашаққа» атты ауқымды кинолекторий жобасы өтті. Танымдық әрі ағартушылық маңызы зор шара барысында тұрғындарға отандық деректі киноның үздік туындылары ұсынылып, көрермендер тарихи оқиғалар мен қоғам өміріндегі маңызды мәселелерді жаңа қырынан тануға мүмкіндік алды.
Кинолекторийдің алғашқы күнінде түркістандықтарға «Арал» және «Серт» деректі фильмдері көрсетілді. Екі туынды да ел тарихындағы маңызды кезеңдерді қамтып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
«Арал» деректі фильмі Арал теңізінің өткені мен бүгіні туралы баяндайды. Фильмнің басты кейіпкері – өмірінің басым бөлігін теңіз жағасында өткізіп, балықшылықпен айналысқан ардагер балықшы Күнтуған Тұрғанбаев.
Туындыда оның өмір жолы арқылы Арал өңірінің тарихы, табиғат пен адам арасындағы ажырамас байланыс, теңіздің тартылуынан кейінгі халықтың тағдыры және соңғы жылдардағы оң өзгерістер кеңінен көрсетілген.
Күнтуған Тұрғанбаев түсірілім жұмыстары барысында өзінің жастық шағы өткен орындарға қайта барып, бұрынғы естеліктерін жаңғыртуға мүмкіндік алғанын айтты.
Оның айтуынша, теңіздің тартылуы өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне үлкен әсер еткен. Дегенмен соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде Аралды қалпына келтіру жұмыстары нақты нәтиже бере бастаған.
Фильмде келтірілген деректерге сәйкес, Арал теңізінің шамамен 36 пайызы қайта қалпына келтірілген. Бұл экологиялық апаттың зардабын азайту жолындағы маңызды жетістіктердің бірі ретінде бағаланады.
«Серт»: табиғи апатпен күрестегі бірлік пен жауапкершілік
Кинолекторий аясында көрсетілген екінші туынды – «Серт» фильмі. Бұл фильм Қазақстанда 2024 жылдың көктемінде орын алған алапат су тасқынының салдарын жою барысын баяндайды.
Деректі фильмде табиғи апаттан зардап шеккен өңірлердегі жағдай, тұрғындардың қиындықтарды еңсеруі және мемлекеттің жедел қолдау шаралары жан-жақты көрсетілген.
Фильмде жаңа тұрғын үйлердің салынуы, әлеуметтік нысандардың қалпына келтірілуі, инфрақұрылымның жөнделуі және зардап шеккен азаматтардың қалыпты өмірге қайта оралуы нақты мысалдар арқылы баяндалады.
Көрермендердің айтуынша, фильм елдегі ынтымақ пен өзара қолдаудың жарқын көрінісін көрсеткен. Әсіресе табиғи апат кезінде халықтың ұйымшылдығы мен мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің маңызы ерекше әсер қалдырған.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов көрсетілген фильмдердің тәрбиелік және тарихи маңызы зор екенін атап өтті.
Оның пікірінше, «Арал» фильмі бір адамның тағдыры арқылы тұтас өңірдің тарихын ашып көрсетсе, «Серт» фильмі қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың қандай қиындық болса да жеңуге мүмкіндік беретінін дәлелдейді.
Шара барысында қатысушылар деректі фильмдердің режиссурасы мен операторлық шеберлігіне, көркемдік шешімдеріне және оқиғалардың шынайы берілуіне жоғары баға берді.
Түркістан тұрғыны Жанна Жайлаубайқызы «Арал» фильмінің халықаралық деңгейдегі деректі жобалармен тең дәрежеде түсірілгенін атап өтті.
Оның айтуынша, фильмде Арал мәселесі тек экологиялық тақырып ретінде емес, сол өңірде өмір сүрген адамдардың тағдыры арқылы терең ашылған. Әсіресе күннің батуы, қарт балықшының өткен өмірін еске алатын көріністері туындының көркемдік құндылығын арттырған.
Ал жергілікті тұрғын Әтіркүл Ташимова «Серт» фильмі қиын кезеңдерде қазақ қоғамының бірлік пен төзімділік таныта алатынын әсерлі түрде көрсеткенін айтты.
Көрермендердің пікірінше, фильм халықтың қайсарлығы мен мемлекеттің қолдауы ұштасқанда кез келген қиындықты еңсеруге болатынын көрсетеді.
Кинолекторийдің екінші күнінде көрермендерге «Travel Kazakhstan» және «Қуатты серіктес» деректі фильмдері ұсынылды.
«Travel Kazakhstan» фильмі еліміздің туристік әлеуетін, табиғи және мәдени мұраларын таныстыруға арналса, «Қуатты серіктес» туындысында Қазақстан мен Жапония арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың дамуы баяндалады.
Айта кету керек, «Шежіреден болашаққа» атты республикалық кинолекторий жобасы 21 мамыр күні Астана қаласында бастау алған. Бұдан кейін көрсетілімдер Қызылорда мен Түркістанда ұйымдастырылды.
Алдағы уақытта жоба Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалаларында жалғасады.
Барлық деректі фильмдер Президент телерадиокешенінің Деректі фильмдер орталығында түсірілген. Жобаның сценарий авторы – Нұрлан Қабдай, ал режиссерлері – Зухраб Отаров пен Дәулет Әуелбеков.
Аймақтық әкімдіктердің қолдауымен ұйымдастырылып жатқан көрсетілімдерге кіру тегін. Жобаның қорытынды көрсетілімі 25 қыркүйек күні Алматы қаласында өтеді.
Бұл бастама отандық деректі кино өнерін насихаттап қана қоймай, ел тарихын, мәдениетін және қоғам өміріндегі маңызды оқиғаларды халыққа кеңінен таныстыруға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық жоба ретінде бағалануда.