Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысшы тобының кеңейтілген мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары, жұмысшы тобының жетекшісі Бақытжан Букебаев, ҚР Ұлтттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облыстық департаменті Сауран ауданы бойынша бөлімінің қызметкерлері, құқық қорғау органдары мен салалық бөлім басшылары, сондай-ақ, аудан әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде негізгі екі мәселе қаралды.
Оның біріншісі – аса маңызды нысандардың террористік тұрғыдан қорғалу жай-күйі және терроризмге қарсы техникалық құралдармен жабдықталуы. Ал екінші тақырып бойынша ҚР терроризмге қарсы заңнамаларының орындалу барысы талқыланды.

Мәжіліс барысында аталған мәселелерге қатысты нақты ұсыныстар айтылып, проблемалық тұстар мен оларды шешу жолдары ұсынылды.
Бақытжан Букебаев жиынды қорытындылай келе, терроризмге қарсы күрес барша мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Ол жауапты мекемелерге заң талаптарын қатаң сақтай отырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және тиісті іс-шараларды жүйелі жүргізуді тапсырды.