31.01.2025
WhatsApp Image 2024-11-30 at 19.32.06

фото ШӨКҚ

Биыл қаламызда активтерді мемлекетке қайтару жұмысы қарқын алды. Осыдан бірнеше жыл бұрын заңсыз жолмен, немесе келісімшартты бұза отырып жұмыс істеген нысандар қайта қала балансына алынып жатыр.

Нақтырақ айтқанда жекешелендіру кезінде әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысан жекеменшікке өткізілген еді. Осы жылдың басынан жаңа бастама негізінде қарааусыз қалған кей ғимараттар, демалыс орындары қайтарылды.

Үшінші мегаполисте орналасқан нысандарға зерделеу жүргізіліп, бірқатар меншік иелері тарапынан мақсатсыз пайдалану және талаптарды орындамау фактілері анықталған көрінеді. Сондықтан жауаптылар, жұмысы заңға қайшы нысандарды мемлекетке қайтару мәселесін көтергенін айтып отыр. Ал, жұмысы адал, өз міндеттемелерін мерзімінде орындап жатқан меншік иелеріне алаңдауға негіз жоқ.

«Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы қаладағы бұрынғы «Фосфоршылар сарайын» мемлекет меншігіне қайтарып, ғимарат жарамсыз болуына байланысты, бұзу жұмыстары аяқталды. Алдымыздағы жылы демеушілер есебінен орнына жаңа мәдени нысан салу көзделуде. Биыл қысқы спорт түрлерімен шұғылданатын жекеменшік иелігіне өткен қаладағы жалғыз «Мұз сарайының» 67 пайыз үлесі мемлекет меншігіне өтті. Бұл дегеніміз басқару құқығы мемлекетке тиесілі болды», — дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Сонымен қатар, өз міндеттерін тиісінше орындамаған жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген №2 қалалық емхананың келісім шарты бұзылып, ортақ мүлікке айналдырылды. Сол сияқты міндеттемені орындамаған сатып алу құқығымен табысталған «Орталық су спорт кешенін» қайта ел мүддесіне қайтару бойынша сотта талап арыз жаралып жатыр. Сондықтан қазір нысан жұмыс істемей, уақытша жабық тұр.

Одан бөлек, қала тұрғындарының ұсынысы негізінде, коммерциялық бағытқа пайдаланып келген, «Қиял әлемі» технопаркі және «Кең баба» саябағын мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазір демалыс орынының жұмысын қайта жандандыру ісі қолға алынған. Ол үшін демеушілер есебінен қайта абаттандыру жүргізіліп жатыр.

Естеріңізде болса, «Қиял әлемі» саябағына іргелес жатқан аумақта құрылысы аяқталмаған сауда орталығы бар. Құрылысы тоқтаған нысан жері қазір мемлекетке қайтарылды. Енді қаңырап бос тұрған ғимаратты бұзу бойынша іс сотта қаралуда.

Сол сияқты «Су Ресурстары Маркетинг» ЖШС-н жекешелендіру құжаттарын зерделеу барысында бірқатар кемшіліктер анықталған. Бұл туралы қала басшысы мен әкімдіктің әлеуметтік желісінде бірнеше рет ақпараттық материалдар жарияланғаны белгілі. Мекеменің жұмысына да қатысты бірқатар мәселе бар. Бүгінде заңға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. Әзірге қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз мекеме тағдыры қалай болары белгісіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *