Биыл мәдениет саласында ұлы той. Бір жылдың ішінде Жергілікті бюджет есебінен қала орталығынан шалғай орналасқан 4 елді мекенде жаңа өнер ошағы іске қосылды.
Қайнарбұлақ, Көкбұлақ, Базарқақпа, және Өтеміс тұрғын алаптарында орналасқан ғимараттар республика күні қарсаңында ел игілігіне берілді. Бұл шаһардың сыртқы жағында тұратын тұрғындар үшін тиімді. Себебі енді түрлі іс-шаралар мен концерттерді азаматтар алысқа бармай-ақ тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Тіпті, нысан маңыздылығын ескерген мегаполис басшысы жаңа мәдениет ордасының ашылуына қатысып, мерекелік құттықтауын жеткізген еді. Ол мұндай бастаманың арқасында қалада түрлі іс-шаралардың қолға алынғанын айтады.
«Мегаполистің мәдени өмірін жандандыру және тұрғындардың өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында, саябақтар мен мәдениет үйлерінде «Шымқала кештері» мерекелік іс-шаралары өткізіліп келеді», — дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Сонымен қатар, 2024 жыл тарихы терең жергілікті театрдың құрылғанына ғасырға жуықтады. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының» 95 жылдығы аталып өтті. Осы орайда, IХ Орталық Азия елдерінің халықаралық театры фестивалі өтіп, оған 7 мемлекеттің белгілі театр өкілдері қатысты. Атап айтқанда, қарашаның басында ұйымдастырылған жиынға Қазақстаннан бөлек, Қызғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжан, елінің өнер ұжымдары қатысып, өз бағын сынады. Көрермен назарына «Атжалман ғасыр», «Бетпе-бет», «Қар астындағы қайнар бұлақ», «Сайқымазақтардың ойыны», «Лубр үйрегі» сынды туындылар ұсынылды.
Бастысы биыл екі мың орындық Конгресс холл пайдалануға берілді. Жалпы ауданы 5,24 гектар аумақты алып жатқан нысанның жобасы 2021 жылы бекітіліп, құрылыс жұмысы 2023 жылы басталған болатын. Ал, ғимараттың ауданы – 17 964 шаршы метрді құрайды. Қаладағы бірден бір халықаралық стандартқа сай орында қазірдің өзінде түрлі іс-шаралар мен концерттер өтіп үлгерді.
Айта кетейік, қаладағы өзекті мәселенің бірі – көше атауларын беру ісі жолға қойылты. Нақтырақ айтқанда осыған дейін медициналық көмек көрсету мен төтенше жағдайлар қызметтерін шақыру кезінде көше атауларының болмауы қиындықтар туғызған еді. Осыны ескеріп, атықайталанатын және идеологиялық тұрғыдан ескірген 377 көшеге, 6 шағынаудан, бір саяжай және бір аллеяға атау берілді. Бұл көп жылдан бері мәселесі шешілмей келе жатқан шеткі аймақтар үшін маңызды қадам болды.