21.02.2025
Ирригация

Биыл Қаратау ауданының су басу қаупі анықталған елді мекендерінде, тұрғындардың өтінішіне сәйкес, ирригациялық арықтар салу жұмыстары басталды. Бұл жоба, әсіресе, жаңбырлы кезеңдерде су басу мәселесін шешуге, инфрақұрылымның жұмысын жақсартуға, сондай-ақ, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Жобаның аясында ирригациялық арықтар әр түрлі ұзындықта салынатын болады. Мәселен, Сайрам тұрғын алабының Иіржар көшесіне 260 метр арық салынады. Ал Мәртөбе тұрғын алабындағы Жібек жолы көшесіне (авто жуу бекеті тұсы), Мирас шағынауданында Өркениет және Ажарлы көшелеріне 370 метрге арық салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Сайрам тұрғын алабының Тағылым көшесі (бұрынғы Абай көшесі) мен Өрікзар көшелерінде 700 метрге жуық арық салу көзделіп отыр. Мұнымен қоса Сайрам тұрғын алабындағы №139 мектепке баратын негізгі көше де осы жоспарға кіріп, 200 метрге жуық ирригациялық арық салу қолға алынады.

Тұрғын алаптағы атауы жоқ көшелерде жалпы ұзындығы 1700 метрге жуық арық салынады. Сареми көшесінің 500 метрі де осы ауқымды жобаның бір бөлігіне айналады. Ал Шапағат шағынауданындағы Шапағат көшесі бойында 50 метрлік арық салу қарастырылған. Қайтпас шағынауданының Академиктер қалашығына – 100 метр және Нұрсәт шағынауданындағы №135 А, Б, В үйлердің жанына 350 метр арық салу жоспарлануда.

Нұрсәт шағынауданындағы Балалар ауруханасының көшесі мен Таскен тұрғын алабындағы Бақдәулет көшесіне 400 метр арық салу жұмыстары да бар. Ал Таскен т.а. Байкент көшесіне 100 метр ұзындыққа дейін арық тартылады. Сондай-ақ, Қайтпас шағынауданындағы Қаһарман көшесіне құдық орнату үшін 20 метр арық салынады.

Бұл ауқымды жоба Қаратау ауданында су тасқынының алдын алу бойынша маңызды шара болып табылады. Ирригациялық арық салу тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасай отырып, экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешуге үлкен үлес қосады.

Жоба аяқталғаннан кейін су басу қаупі төмендеп, аудан тұрғындары үшін қауіпсіз және ыңғайлы өмір сүру ортасы қалыптасады. Сондай-ақ, бұл жұмыстар ауданның инфрақұрылымын жақсарту және аумақты дамыту бағытында атқарылып жатқан маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *