Шымкентте жыл басынан бері экономикалық өсім 12 пайызға жетті. Бұл туралы қала басшысы Ғабит Сыздықбеков баспасөз брифингінде мәлім етті. Атап айтқанда инвестиция 9%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі — 27%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер аумағы — 42%-ға, сауда көлемі — 19%-ға, көлік қызметі — 26%-ға, өнеркәсіп өндірісі — 2%-ға өскен. Осылайша мегаполис әлеуеті жағынан елімізде алдыңғы қатарға шақты.
Шаһар әкімінің сөзінше экономикалық өсімнің басты шарты инвестиция тарту. Осы жолда аянбай еңбек етіп жатқандықтарын алға тартты. Сөзінше шетелдік ірі инвесторларға көрсетілген қолдау нәтижесінде инвестиция көлемі 536,4 миллиард теңгеге жеткен.
«Мемлекет басшысы елімізде өңдеу өнеркәсібін 1,5 есеге ұлғайтып, еңбек өнімділігін арттыруды тапсырған болатын. Осы бағытта биыл құны 78,2 млрд теңгені құрайтын 16 жобаның 12-сі іске қосылып, 67,1 млрд теңгеге инвестиция тартылды. Онда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішіндегі ірі жобалар: Трансұлттық «COCA-COLA» компаниясының алкогольсіз сусындар өндіру жобасы. Құны 27 млрд теңге, қуаттылығы жылына 262 миллион литр дайын өнім шығарады. Кәсіпорында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орындары ашылды», — дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Атқарылған жұмыс нәтижесінде тұрғындар екі қолға бір күрек тауып, еңбек етуге мүмкіндік алған. Нақтырақ айтқанда, биыл жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында 45 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына тартылып, оның ішінде 32 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан 4,8%-ға төмендеді.
«Жұмыс орындарын құрып, халық табысының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр. Өңірдегі белсенді жұмыс істейтін азаматтар саны 468 мыңнан асты. Жұмыспен қамту және мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30 пайызға азайды. Өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан 4,8 пайызға төмендеді», — дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Басшы сөзінше былтырға көрсеткіш бойынша АӘК алатын отбасы саны 12 мыңнан асса, биыл бұл сандар 8511-ге төмендеген. Нәтижесінде әлеуметтік жағдайы нашар деп бағаланатын жандар статистикасы 30 пайызға азайды. Ел бойынша жұмыссыздық 4,6 пайызды көрсетсе, Шымкент биыл 4,8 пайызға жетті. Осылайша республика бойынша үшінші орынға тұрақтады.