900 пәтер «Жастар» бағдарламасы арқылы беріледі. Жобаға өтініш қабылдау 27-29 қараша аралығында жүргізіледі.
35 жасқа толмаған шымкенттік тұрғын арендалық негізде үйлі болуы үшін «kezekte.kz» электронды порталында электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы өтініш бере алады. Конкурстан өткен азаматтарға баспана 3 жыл мерзімге сатып алу құқығынсыз табысталады.
Конкурстқа қатысатын 900 үйдің 238-і 1 бөлмеден тұрса, 412-сы 2 бөлмелі, ал қалған 250 пәтер 3 бөлмелі. Мамандар сатып алу құқығынсыз берілетін баспананың басым бөлігі Абай мен Қаратау аудандарында екенін айтады.
«Жастар» бағдарламасына қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:
-Жалпы білім беретін мектептердің және (немесе) техникалық және кәсіптік және (немесе) орта білімнен кейінгі және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген 35 жасқа толмаған (34 жасқа дейін) Қазақстан Республикасының азаматы;
− ай сайынғы табысы 40 айлық есептік көрсеткіштен (147 680) кем емес болуы (соңғы 6 ай ішіндегі);
− өтініш берушінің Шымкент қаласында өтінім берер алдында соңғы 3 (үш) жылдан кем емес тұрақты тіркеуінің болуы;
− өтініш берушінің отбасы мүшелерінің Шымкент қаласында тұрақты тіркеуінің болуы;
− өтініш берушінің, жұбайының (зайыбының), балалары (бар болса) апатты жағдайда тұрған, құлау (қирау) қаупі бар тұрғын үйлерді қоспағанда, өтініш берер алдында соңғы 5 (бес) жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үйінің болмауы;
− тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банк болып табылатын квазимемлекеттік сектор субъектісінде жинақ шотының (депозиттің) болуы.
Ал конкурс жеңімпаздары тұрғын үй кезегінен шығарылады.