30.01.2025
алматы

Алматыда жер сілкінісінен зардап шеккендердің саны жетпіс адамға жуықтады.  Оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Түнгі сағат 12-ден 9 минут өткенде болған жер сілкінісі алматылықтарды әбігерге салып, үрейін ұшырды. Алғашында 8 адам зардап шекті деген ақпарат тарады. Кейін жарақат алғандардың саны 44-ке жетті. Кешке жақын 67 адамның дәрігерлердің көмегіне жүгінгені белгілі болып отыр.

Айтып келмейтін апаттан үрейленген тұрғындар дереу далаға шығып қауіпсіз жерді паналаса, енді бірі қала шетіндегі туған-туыстарының үйіне асықты.

Алматы-әлімсақтан сейсмикалық аймаққа жатады. Жылына 200-ге тарта жер сілкінісі болып тұрады. Дегенмен, оның бәрі бірдей тұрғындарға сезіле бермейді. Ал, бүгін түндегі  дүмпу ошағы жер қабатына жақын, яғни 7 шақырым тереңдікте болған.    Сондықтан, Орталық Азия елдеріне соның ішінде Қазақстанда айқын білінген.

Жер сілкінісің қуаты 5 балл болды. Мұндай кезде дабыл соқпайды. Бұл көлемдегі магнитуда қатты залал келтірмейді. Сирена жер сілкінісінің қуаты 5 жарым 6 балдан асатын дүмпуді сейсмостанциялар тіркеген кезде ғана іске қосылады. Мамандар түнде дабыл белгісінің берілмеу себебін осылай түсіндірді. Сиренаны қоссақ тұрғындар одан сайын қорқатын еді,-дейді. Ал, үрей мен дүрбелең тек қана зиянын келтіреді, деген пікірде.

Жансая Досымбекова, Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының сейсмологиялық обсерватория басшысы: — Әр адам өзіне жауапкершілік алуы керек. Сіз биік үйде тұрасыз ба көпқабатты үйде  тұрасыз ба, жер үйдің сапасы қандай? Қай жерде тұр? Қалай салынды? Ол соған байланысты. Алматы сейсмикалық қауіпті аймақ болғаннан кейін бұл жерде тұрған тұрғындардың барлығы жер сілкінісінен сақтану шараларын білуі қажет. Оның барлығы төтенше жағдай сайтында, мектептерде оқытылады. Қарапайым сақтану шараларын білуі керек.

 

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *