Шымкентте орташа жалақы көлемі 304 мыңды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға артық.
Ал былтыр бұл меже 2022 жылға қарағанда 17 пайызға өсіп, халықтың орташа жалақысы 270 мың теңгеге жеткен еді. Биыл статистика бойында 304 мыңға тұрақтады. Осылайша үшінші мегаполис тұрғындардың айлық көрсеткіші бойынша республикада 16 орында тұр. Қала басшысы Шымкентті жалағысы төмен өңір қатарына кіретінін айтып өтті.
«Экономикалық көрсеткіштердің өсімі халықтың өмір сапасына тікелей әсер етіп отыр. Өздеріңіз білетіндей, Шымкент қаласы жалақы мөлшері төмен өңірлер қатарына жатады.Осы ретте, өңірдегі жалақыны арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылдануда. Жергілікті бюджеттен 15 мыңға жуық еңбекақысы төмен азаматтық қызметшілердің жалақысын қосымша 50 мың теңгеге көтердік», — дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Ал тқрғындардың тұрмыстық жағдайын көтеру үшін жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге қаралған көрінеді. Нәтижесінде бюджеттік қызметкерлер көсегесі көгеріп, айлығы 140 мың теңге көтерілген. Оның ішінде:
Білім беру саласындағы қызметкерлер саны 9168;
Денсаулық сақтау саласының 64;
Әлеуметтік саланың 208;
Спорт және мәдениетке қарасты 2533;
Өзге салалардағы 2 879 азаматтың жалақысы жоғарылады.
Соның арқасында орташа жалақы 304 мыңға жетті. Ал еліміздегі орташа жалақының мәні 390 328 теңгені құрады. Алғашқы орында 602 мың теңгемен Атырау облысы тұр. Екінші орынға 571 мыңмен Маңғыстау облысы тұрақтады. Ал үшінші орынға 512 мыңмен жаңа құрылған Ұлытау өңірі жайғасты. Астана қаласы ұлытаулықтардан 7 мыңға төмен көрсеткішпен 4 орыннан көрінген. Әзірге Шымкент қаласы 16 орында тұр.
Айта кетейік, Қаладағы медианалық жалақы мөлшері 248,6 мың теңгені құрады. Бұл өңірлер арасында Шымшаһардың 15 орынға тұрақтағанын көрсетеді.