31.01.2025
Снимок

фото ШҚӘБҚ

Көптеген даму көрсеткіштері Шымкент өнеркәсібі үшін жағымды жаңалық болып отыр. Құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өндірісі сияқты салаларда индустриялық аймақтардың көбеюі және жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы өңірдің экономикалық дамуына айтарлықтай септігін тигізуде. Заманауи кәсіпорындары көптеп орналасқан «Жұлдыз» индустриялық аймағы көптеген жаңа жұмыс орындарын ашып, инвестиция тарта алды. 166 миллиард теңгенің көлемі – қала экономикасы мен халықты жұмыспен қамтуға оң әсер ететін қомақты сома. Мұнда 46 ірі заманауи кәсіпорын қарқынды жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, индустриялық аймақтарды құру көлік, логистика және қызмет көрсету сияқты салаларды дамытуға көмектесетінін атап өткен жөн. Шымкентте өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту жолындағы жұмыстар нәтижелі жүзеге асырылуда. Үшінші мегаполисте соңғы жылдары  индустриялық аймақтардың саны артып келеді. Мұнда 438 гектарды құрайтын жаңадан 2 индустриялық аймақ іске қосылды. Екінші болып іске қосылған «Бозарық» индустриялық аймағы шын мәнінде 25 жобамен және 44 миллиард теңге инвестициямен тамақ өнеркәсібін дамытудағы маңызды қадам болып табылады. 2 мыңнан астам жұмыс орнының ашылуы да мұндай бастамалардың өңір экономикасы мен халықты жұмыспен қамту деңгейіне оң ықпал ететінін көрсетеді. Қазірдің өзінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылып, қала экономикасына 225 миллиард теңге инвестиция құйылған индустриалды аймақтардың саны жетіге дейін ұлғайып, 293 жобаның жүзеге асырылуымен айтарлықтай ілгерілеушілік барын айтуға болады. Мұның өзі индустрияландыруда және жергілікті өндірісті дамытуда маңызы зор болып отыр. Мұндай жобаларды дамыту тек экономикалық өсуге ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар саладағы әртүрлілікті және одан әрі өсу мүмкіндіктерін қамтамасыз ете отырып, жергілікті бизнес үшін неғұрлым тұрақты негіз құруға көмектеседі. Биыл ғана үшінші мегаполистің өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында 5 өндіріс аймақтарын құру және кеңейту жұмыстарын қолға алынған болатын. Оның ішінде, 2 индустриялық аймақтың құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Оңтүстік өңірінде барлық тауарларды қабылдап, жеткізуге логистика жағынан қолайлы «Өңірлік хаб» құру қолға алынған болатын. Осы мақсатта қолданыстағы Сауда-логистикалық орталығын кеңейту жұмыстары басталды. Аймақ өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бизнес пен сауда үшін жаңа мүмкіндік береді. Екіншісі, «Стандарт» жеке индустриялық аймағы. Мұнда дайын өндірістік алаңдармен бірге мемлекеттік қолдау ретінде инфрақұрылыммен қамтылған арнайы өндіріс алаңдары салынады. Бұл индустриялық аймақтардың инфрақұрылымына жергілікті бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді. Аталған салалардың қала экономикасын өркендетуге маңызды роль атқарары сөзсіз.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *