Шымкентте қоқыс жәшігі цифрландырылды. Жоба Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақылды қалалар концепциясы негізінде қолға алынған.
Онда қатты тұрмыстық қалдықтар тасталатын орындарда «Цифрлы контейнер» көрсеткіші белгіленеді. Ал қала тұрғындары мұның тиімді тұсын көріп жатқанын айтады.
“Көршілерім толған кезінде келіп, өтінішін тастайды. Тиімді деп жатыр. Себебі толған кезде кімге айту керегін біз білмей жатамыз. Ал мұнда келіп бірден өтінішті жібере салады”.
“Мен жақында көрдім. Әлі өтініш тастамадым. Бірақ жақсы сияқты”.
“Тиімді дүние деп санаймын. Бірақ қыста бүлініп кетпесе болды”, дейді қала тұрғындары.
Жаңа бастама аясында жеке компания тарапынан Желтоқсан көшесі №88 мекен-жайында орналасқан қоқыс алаңшасына пилотты түрде бейнебақылау жүйесі орнатылды. Бұл қоқыс алаңдарын еркін бақылауға көмек береді деп жоспарланған.
Аталған жоба 2 түрлі жұмыс атқарылды. Атап айтқанда:
1. Бейнебақылау жүйесі арқылы аналитика жасау;
2. QR код тақтайшасы арқылы 109-Бірыңғай байланыс орталығының ватсап мессенджеріне тікелей сілтемесіне өту.
Орнатылған бейнебақылау құралы арқылы 52 рет қоқыс алаңшасының толғаны, 164 заңсыз көлік құралдары тіркеліп, 1 жану фактісі анықталды.
Сонымен қатар, Желтоқсан 88, Мангельдин көшесіндегі №44 тұрғын үйінің қасындағы Арай-2 азық-түлік дүкенінің жаны және Измир көшесіндегі аллея қасында орналасқан қоқыс алаңшасы маңына пилоттық жоба аясында QR-код тақтайшалары орнатылды.
Ол өз кезегінде 109-Бірыңғай байланыс орталығының ватсап мессенджерінің тікелей сілтемесіне өтіп, қала тұрғындарының өтініш жолдауын оңтайландырады.
Орнатылған QR код тақтайшаларына талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қала тұрғындарынан 14 өтініш түскен.