Шымкент қаласының қазынасы 800 млрд. теңгеге жуықтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Жыл сайын үшінші мегаполистің әлеуеті атып келеді. Мәселен биыл бюджет көлемі 779 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 123 млрд. теңгеге артты.
Қала басшысының сөзінші «Қаланың экономикалық белсенділігін көтере отырып, республикалық бюджеттен тәуелділігін азайту» басты мақсаттың бірі. Сол жолда жұмыс жүріп жатқаны байқалады. Атап айтқанда:
Қалада 3 мыңға жуық коммерциялық нысандарға талдау жүргізілген. Саралау нәтижесінде олардың бағалау құны нарықтық құнынан бірнеше есе төмен көрсетілгендігі анықталған.
Жауаптылар сөзінше оларды заңдастыру нәтижесінде, нарықтық құны 58 млрд. теңге тұратын нысан қаржысы 1 трлн. Теңгені құраған. Ол алғашқы соммадан 17 есеге көп. Мысалы, қала орнатығынан орын тепкен бір ғана сауда орталығының құнын иелері 50 млн. теңге деп көрсеткен. Ал талдау кезінде нарықтағы баға 850 млн. теңгеге жетіп, табыс 16 есеге ұлғайыпты.
Сонымен қатар, хронометраж жұмыстарын жүргізу арқылы белгілі ресторандар желісінің табысы да орташа есеппен 4 есеге артқан. Қоғамдық тамақтану орнының иелері көрсеткен 625 млн. теңге, іс жүзінде нақты 2,3 млрд. теңгені құраған.
Дейтұрғанмен, қала басшысы өз сөзінде тексерістен жалтарған кейбір заңды тұлғалар мекенжайын көрші өңірге ауыстырып жатқанын жасырмады.
Осы сияқты қала базарларындағы табыс көлемі 115 млн. теңгеден 1,3 млрд. теңгеге немесе 11 есеге артып отыр.
Ал тойханалар мәселесі бір бөлек. Олардың табыс көлемі 8 есеге ұлғайтылыпты. Тексеріс қорытындысымен статистикалық мәліметтегі 79 млн. теңге, әп-сәтте 2,3 млрд. теңгеге дейін жеткен көрінді.
соңғы 3 жылда атқарылған жұмыстың нәтижесінде салықтық табыс көлемі 2 жарым есеге өткен. Нақтырақ айтқанда, салықтық түсімдер 262 млрд. теңгеден 660 млрд. теңгеге артып отыр.
Ал ауызға алған қаражатты тиімді қолдану мақсатында жаңа жоба қолға алынған еді. Бюджет шығыстарын жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз етуге негізделген «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына шаһарда 5,8 млрд. теңге қаралған. Бұл қаражатқа қала тұрғындарының таңдауы бойынша 182 балалар және 26 спорт алаңшалары мен 18 сквер салынып жатыр.
Айта кету керек, қала тұрғындары мегаполис қазынасына түскен қаржыны орынды қолдануға өз үлесін қоса алады. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша өзгертуге ниетті нысанды «электронды үкімет» порталы арқылы көрсетуге мүмкіндігі бар. Сол арқылы өз ауласын гүлдендіруге атсалыса алады.