Баланың наласы мен обалы кімге? Сенаторлар 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім баланың шетелге кеткені туралы мәліметтің жоқтығына алаңдаулы. Бұл тақырып бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенімен, әлі күнге дейін жауап күтетін сауал көп.
Осыдан он жыл бұрын Бас прокуратураның шетел асқан балаларға қатысты жүргізген арнайы тексерісінің нәтижесі сол күйі беймәлім қалды дейді Дархан Қыдырәлі. Оңтүстік Африка, Кения, Мексика мен Аргентина сияқты елдерге кеткен 120 баланың да бақылауға алынған-алынбағаны белгісіз. Ең сорақысы, 1999 жылға дейін жаттың жеттегінде кеткен жетімдер жайлы мәлімет мүлдем жоқ. Ал одан бері, яғни 2011 жылға дейін шетелдіктер 9 мыңға жуық баланы асырап алыпты. Олардың жартысынан астамы қазір кәмелетке толуына байланысты есептен шығарылған. Ал 3 жарым мыңнан аса баладан есеп алынып тұрғанмен, байланыс үзіліп, мәлімет жолдамайтындар да аз емес. Мәселен, Оңтүстік Африка, АҚШ пен Бельгиядағы балалардан ешқандай хабар-ошар жоқ дейді сенатор.
Дархан Қыдырәлі, Сенат депутаты: — Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен кеңесе отырып, төмендегідей ұсыныстар береміз: саны бар да, санатта жоқ балалар туралы мәлімет-деректерді жаңалау. Қажет болса, ата-анасын табуға көмектесу. Ата-аналарын көріп тұруы үшін ведомствоаралық келісімдер жасау. Кәмелетке толған балалар қалаған жағдайда Қазақстанның азаматтығын алуы үшін олардың таңдауына көмектесу. Өйткені олар біздің қанымыздың бір түйірі.