31.01.2025
IMG_4518

фото ШӨКҚ

Зейнет жасына жақындаған 800 тұрғын жұмыспен қамтылды. Екі қолға бір күрек тапқанның басым бөлігі білім беру, медицина саласының қызметкерлері.  

Бағдарламаға қатысушылардың бірі 59 жастағы Айман Тельғозиева. Жасы зейнетке жақынлаған әйел ұзақ жылдар бойы Алматы қаласында түрлі өндіріс орындарында бухгалтер қызметін атқарған. Ал Шымкентке қоныс аударғаннан кейін «Самғау биік» мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық бірлестігіне тазалыққа жауапты қызметкер болып жұмысқа орналасыпты. Оның өзі «Қоғамдық жұмыс» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жүзеге асқан. Мұнан кейін «Күміс жас» бағдарламасы арқылы жолдама алған ол қуанышында шек жоқ екенін айтады.

“Мемлекеттік бағдарлама жаңа мүмкіндікке жол ашты. Тәжірибем мен білімімді қоғамға пайдалы істерге арнап, өзіме де, өзгелерге де көмектесе алатыныма қуаныштымын,” – дейді Айман Тельғозиева.

Қаламызда «Күміс жас» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан азаматтар жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, қоғамның дамуына серпін беруде. Бұл жоба зейнеткерлік жасқа жақындаған, бірақ әлі де белсенді еңбек ете алатын адамдарды қолдауға өз үлесін қосып келеді.

«Күміс жас» бағдарламасы елімізде зейнеткерлікке дейінгі жастағы азаматтарды еңбек нарығында қолдау арқылы олардың кәсіби тәжірибесі мен әлеуетін пайдалану үшін іске қосылған. Жоба аясында жұмыс берушілер 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа тартады, олардың айлық жалақысы мемлекеттен субсидияланады.

Қалада жыл басынан бері 791 азамат осы бағдарлама арқылы жұмыс орындарына орналасты. Олар білім беру, медицина, мәдениет, әлеуметтік қызмет көрсету және басқа да салаларда еңбек етуде.

Үшінші мегаполис — «Күміс жас» бағдарламасын табысты іске асырып отырған өңірлердің бірі. Бағдарлама тәжірибесі мол азаматтардың қоғамда белсенділігін арттырып, еңбек нарығын білікті мамандармен толықтыруда маңызды рөлге ие.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *