22.04.2026
546524427_25100014336248575_6356882373763294695_n

Шымкент қаласының әкімдігінде ЮНИСЕФ және Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросының өкілдері қатысқан маңызды ресми кездесу ұйымдастырылды. Бұл шарада қаладағы әлеуметтік және медициналық қызметтердің жағдайы, әсіресе әйелдер мен балалардың денсаулығы мен дамуына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.

Кездесуге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сабитов, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдері, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша статистика департаментінің басшысы Ерназар Құлтаев, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Сауле Дүйсенбаева, қалалық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Оңғар Әбілқайыр, цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Айжан Наимбекова және денсаулық сақтау, жұмыспен қамту мен әлеуметтік қорғау, білім басқармаларының өкілдері қатысты.

MICS ЗЕРТТЕУІНІҢ НӘТИЖЕЛЕРІ ЖӘНЕ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ
Жиында ЮНИСЕФ-тің денсаулық сақтау және тамақтану бағдарламаларының жетекшісі Бауыржан Сәбитұлы, сондай-ақ «МИКС зерттеуінің Шымкент қаласы бойынша көрсеткіштері және негізгі бағыттары» бойынша ЮНИСЕФ-тің жоспарлау, мониторинг және білімді басқару жөніндегі үйлестірушісі Қасымова Үміт баяндама жасады.

MICS (Multiple Indicator Cluster Survey) – әйелдер, балалар және жастардың өмір сүру жағдайын кешенді бағалауға арналған халықаралық зерттеу. Бұл зерттеу әлеуметтік саясатты және мемлекеттік бағдарламаларды жетілдіру үшін қажетті нақты және сенімді статистикалық деректер жинауды мақсат етеді.

Зерттеу нәтижелері бойынша Шымкент қаласының денсаулық сақтау және білім беру саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізгені анықталды:

Жүктілік кезінде әйелдердің 97,6%-ы төрт реттен артық медициналық бақылаудан өткен, бұл медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасының жоғары екенін көрсетеді.

Анаға босанғаннан кейінгі бақылау көрсеткіші бойынша қала Қазақстанда бірінші орында тұр – 97%. Бұл көрсеткіш әйелдердің ана мен бала денсаулығына деген ерекше назар аударатынын дәлелдейді.

Балалардың 81,1%-ы негізгі математикалық дағдыларды меңгерген, бұл білім беру жүйесінің сапасын білдіреді.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӘНЕ МҮМКІНДІКТЕР
Алайда зерттеу ерте балалық шақтағы даму, вакцинация деңгейі және әлеуметтік қолдау шаралары бойынша шешуді қажет ететін кейбір өзекті мәселелерді де көрсетті. Осы тұрғыда медициналық салада келесі бағыттарда жұмыстарды жетілдіру қажеттігі байқалады:

Ерте балалық шақтағы даму — баланың алғашқы жылдарындағы дұрыс физикалық және психикалық даму оның болашақ өмірінің негізі болып табылады. Бұл бағытта медициналық-әлеуметтік қызметтердің бірігуі маңызды. Ерте диагностикалау және оңалту бағдарламалары жетілдірілсе, балалардың дамуы анағұрлым тиімді болады.

Вакцинацияның маңыздылығы — халықтың инфекциялық ауруларға қарсы иммунитетін қамтамасыз ету үшін қалада вакцинация көрсеткіштерін арттыру қажет. Бұл әсіресе балалар мен жүкті әйелдердің денсаулығын қорғауда аса маңызды.

Әлеуметтік қолдау шаралары — медицина мен әлеуметтік қызметтердің бірлескен жұмысы тұрмысы төмен және осал топтарға көмек көрсету тиімділігін арттырады.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ РӨЛІ
Шымкент қаласының медициналық мекемелері жоғарыда аталған көрсеткіштерге қол жеткізуге үлкен үлес қосуда. Қаладағы көпбейінді ауруханалар мен перзентханалар, амбулаториялар мен балалар емханалары қазіргі заманғы медициналық технологияларды қолдана отырып, халыққа сапалы қызмет көрсетуде.

Пренаталдық (жүктілік алдындағы және жүктілік кезіндегі) бақылаудың толық жүргізілуі, ана мен баланы қорғау бағдарламалары, эпидемиологиялық бақылау жүйесі мен вакцинацияның кең көлемде жүргізілуі ананың және баланың денсаулығын сақтауда маңызды орын алады.

Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесі цифрландыру арқылы пациенттерге қызмет көрсетуді жетілдіруде, медициналық ақпараттарды тиімді жинау және өңдеу арқылы әлеуметтік саясатты қалыптастыруға деректердің нақтылығын арттыруда.

ЮНИСЕФ пен Ұлттық статистика бюросының бірлескен жұмысы мен зерттеулерінің нәтижелері Шымкент қаласындағы әлеуметтік және медициналық саланың дамуында оң өзгерістердің бар екендігін растайды. Алайда, деректер кейбір бағыттарда қосымша күш салуды талап ететінін де көрсетеді.

Болашақта қала билігі мен медицина мамандары әйелдер мен балалардың, сондай-ақ жалпы тұрғындардың денсаулығын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдап, мемлекеттік бағдарламаларды жетілдіруге, әсіресе ерте балалық даму және вакцинация бойынша жұмыстарға ерекше назар аударады.

Бұл бастамалар Шымкент қаласының тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мен әлеуметтік қолдауды арттырып, олардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *