19.04.2026
кар жар

Шымкент қаласының қарқынды дамып келе жатқан Қаратау ауданында инфрақұрылымдық жүйелерді жетілдіру – басты басымдықтардың бірі. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте аудан әкімі Алмас Емелтайұлы Абаев мәлімдеді.

Ауданның жалпы ахуалы

Қаратау ауданының аумағы — 19 500 гектар. Бұл — қаладағы ірі аудандардың бірі. Мұнда 300 мыңға жуық халық тұрады. Аудан аумағында 19 елді мекен, 29 мыңнан астам жеке тұрғын үй және 626 көпқабатты үй орналасқан.

Халық санының өсуі мен тұрғын үй құрылысының қарқынына байланысты инфрақұрылымға деген сұраныс та арта түсті. Осы орайда Қаратау ауданы әкімдігі жүйелі жоспарлар мен нақты жобалар арқылы тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметтермен қамтуды басты назарға алған.

Ауыз су және электр қуаты – 100%-ға жақын

Аудан тұрғындарының ауыз суға қолжетімділігі бүгінде 99%-ды құрап отыр. Жыл соңына дейін қалған бірнеше нүктеге су құбыры жүргізіліп, толық қамтылуға қол жеткізілмек.

Сол секілді электр жарығымен қамту деңгейі де 99%-ға жеткен. Қазір бұл бағытта абоненттеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл дегеніміз – жарық желілері тартылып қойған, ендігі кезекте тұрғындардың техникалық құжаттарын рәсімдеп, қосылуы қамтамасыз етіледі.

Газбен қамту – 98% деңгейінде

Қаратау ауданында табиғи газға қосылу деңгейі – 98%. Жыл соңына дейін жүріп жатқан жобалар аяқталса, аудан табиғи газбен толық қамтылады. Бұл – тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартумен қатар, экологиялық жағынан да маңызды қадам.

Кәріз жүйесі кезең-кезеңімен дамуда

Кәріз жүйесіне қосу – қала көлеміндегі күрделі әрі кешенді мәселелердің бірі. Алайда Қаратау ауданында бұл бағытта да нақты жұмыстар атқарылуда.

Өткен жылы 5 елді мекенде кәріз жүйесінің құрылысы аяқталды. Биыл «Тұран» және «Мирас» шағынаудандарында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының аяқталуы жоспарланып отыр. Бұл – ауданның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Қысқы маусымға дайындық – 97%

Аудан әкімінің айтуынша, алдағы қысқы жылыту маусымына дайындық жоспарға сай жүргізілуде. Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың 97%-ы опрессовка (қысыммен тексеру) жұмыстарынан өткен. Бұл жұмыстар жылу жүйелерінің техникалық ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін маңызды.

Қаратау ауданында жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жобалар – тек сандар мен көрсеткіштер ғана емес. Бұл – тұрғындар үшін жайлы, қауіпсіз әрі заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыру жолындағы нақты іс-шаралар.

Аудан әкімі Алмас Абаевтың айтуынша, алдағы жылдары аудан толық инфрақұрылыммен қамтылып, Қаратау – қаланың ең дамыған және үлгілі аудандарының біріне айналмақ. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар әрі қарай да қарқынды жалғасын табады.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *