19.04.2026
инф кара

Қаратау ауданы – Шымкент қаласының қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Мұнда тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар жыл сайын кеңейіп келеді. Атап айтқанда, жол жөндеу, жарықтандыру және абаттандыру салаларындағы жобалар жүйелі түрде іске асуда.

Аудан аумағында жалпы ұзындығы 753 шақырымды құрайтын 896 көше бар. Биылғы жылы олардың 107 көшесіне (82,7 шақырым) асфальт төселіп, тиісті жұмыстар толығымен аяқталды. Бұл көрсеткіш – ауданда көлік қозғалысын оңтайландырып, тұрғындардың күнделікті қатынасын едәуір жеңілдетуге бағытталған маңызды қадам.

Сонымен қатар, Қаратау ауданы үшін стратегиялық маңызы бар Алматы айналма жолы мен Ю. Сареми көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалар іске асқанда, ауданның көлік желісі заманауи стандарттарға толық сай келетін болады.

Қаратау ауданында тек көлік қозғалысы ғана емес, жаяу жүргіншілер үшін де қолайлы орта қалыптастыру басты назарда. 2025 жылы 31,5 шақырымға созылатын жаңа аяқжол салу жоспарланған. Қазіргі таңда соның 13,5 шақырымы пайдалануға беріліп, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз жаяу жүріс бағыттары ұсынылды.

Ауданның инфрақұрылымын дамытуда су басу қаупіне қарсы ирригациялық жүйелер орнату мәселесі де ескерілген. Биыл 16 нүктеде су ағар жүйелері салынып, оның 13-інде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл – жаңбырлы кезеңдерде көшелердің суға толып кетуін болдырмауға бағытталған тиімді шешімдердің бірі.

Қаратау ауданы көшелерінің түнгі қауіпсіздігі мен жайлылығы да кезең-кезеңімен жақсаруда. Жалпы 896 көшенің 545-інде жарық шамдары орнатылған болса, биыл қосымша 351 көшені жарықтандыру жоспары қолға алынды. Қазіргі кезде 265 көшеге жарық шамдары қойылып, тұрғындар жарық әрі қауіпсіз ортада еркін жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болды. Қалған көшелердегі жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.

Қаратау ауданында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар – бұл жай ғана құрылыс емес, бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты әрі жүйелі істердің көрінісі. Жолдар жөнделіп, жарық шамдар орнатылып, аяқжолдар салынған сайын, аудан тұрғындарына ыңғайлы, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптасып келеді.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *