22.04.2026
32bb4068-7bdf-4c10-a5b6-6cb0261d22f7

Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласындағы ғылым мен тәжірибені ұштастыратын маңызды медициналық бастама жүзеге асты. «Шымкент жүрек орталығы» корпоративтік қорының 25 жылдық мерейтойына орай өткен Халықаралық кардиохирургтер конгресі аясында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Перспективті кардиологиялық зерттеулер орталығы салтанатты түрде ашылды.

Жаңа орталықтың ашылуы – еліміздің медициналық ғылымына қосылған ірі қадамдардың бірі. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу, ерте диагностика жасау және емдеу жолдарын ғылыми тұрғыда жүйелеу арқылы халық денсаулығын жақсарту.

Перспективті кардиологиялық зерттеулер орталығының құрылуына ҚР ҰҒА академигі, белгілі кардиохирург Юрий Владимирович Пя бастамашы болды. Жоба шеңберінде пәнаралық ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр. Бұл – тек медицина саласымен шектелмей, экология, урбанистика, цифрлық технологиялар сияқты өзекті бағыттарды біріктіретін кешенді ғылыми орталық болмақ.

Зерттеу жұмыстары ауа ластануы, техногендік шу, психоэмоционалдық күйзеліс, климаттың өзгеруі сияқты қазіргі заманның күрделі факторларын ескере отырып, жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларының алдын алу және сауықтыру тәсілдерін әзірлеуге бағытталады.

Жаңа орталық еліміздің жүрек-қан тамырлары жүйесіне қатысты ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық медициналық қауымдастықпен байланыс орнатуға, инновациялық тәжірибелерді енгізуге жол ашады. Диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін қолдану – басты басымдықтардың бірі.

Жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыққандар саны жыл сайын артып келе жатқан қазіргі уақытта бұл орталық профилактикалық медицинаның дамуына да ерекше үлес қоспақ. Яғни, емдеуден бұрын аурудың алдын алу – басты ұстаным болмақ.

Конгресс жұмысына Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Ресей және Еуропа елдерінен келген жетекші кардиохирургтар қатысты. Мамандар ашық диалог алаңында жүрек трансплантациясы, күрделі ота жасау тәжірибесі, заманауи диагностикалық әдістер мен цифрлық технологияларды қолдану мәселелерін кеңінен талқылады.

Конгресс барысында жоғары технологиялық операциялардың көрсетілімдері ұйымдастырылып, кардиохирургиялық көмектің озық үлгілері таныстырылды. Бұл тәжірибе қазақстандық мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға да зор ықпал етті.

Іс-шара аясында ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен «Шымкент жүрек орталығы» арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат алдағы уақытта ғылыми жобалармен алмасуға, ортақ зерттеу жұмыстарын жүргізуге, кадрлық ресурсты дамытуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған бірлескен бастамалардың негізін қалайды.

ҚР ҰҒА-ның өңірлік бөлімшесі ретінде жұмыс істейтін Перспективті кардиологиялық зерттеулер орталығы – Оңтүстік өңір үшін ғана емес, бүкіл республика үшін маңызды ғылыми-тәжірибелік алаңға айналмақ. Ол заманауи медицина мен ғылымның тоғысында орналасқан стратегиялық нысан бола отырып, елімізде жүрек ауруларының деңгейін төмендетуге, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты шешімдер ұсынады.

Жүрек – адам ағзасының тірек жүйесі. Ал сол жүрек денсаулығын сақтау – мемлекеттің басты әлеуметтік басымдығы. Шымкентте ашылған бұл жаңа орталық сол жолда нақты қадам болары сөзсіз.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *