19.04.2026
6863d67fd2641 (1)

Ота толығымен МӘМС есебінен қаржыландырылды. Шымкент қалалық №2 ауруханасының білікті дәрігерлер құрамы ми қан тамыры 80 пайызға бітелген 39 жастағы науқасты ажалдан арашалап қалды. Науқастың инсульт алу қаупі шегіне жеткен. Күрделі ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жасалды. Білікті рентгенхирург әрі бөлім меңгерушісі Нұржан Қарабаевтың жетекшілігімен өткен операция жергілікті жансыздандырумен жүзеге асырылды. Ота заманауи интервенциялық тәсіл арқылы — бас сүйекті ашпай, арнайы катетермен жасалған. Көптен бері қант диабетіне шалдыққан бұл науқасты бас айналу, қатты ауырсыну белгілері мазалаған. Уақытылы жасалған диагностика мен кәсіби әрекет нәтижесінде өміріне төнген қауіп сейілді. Операцияның нарықтағы бағасы шамамен 3 миллион теңгені құрайды. Ота толығымен МӘМС есебінен қаржыландырылды.

-Біз тарылған тамырды кеңейтіп, қан айналымын қалпына келтіруде минималды инвазивті тәсілдерді қолданып жүрміз. МӘМС жүйесінің арқасында бұған дейін тек шетелдік клиникаларда жасалатын оталар елімізде қолжетімді, – дейді ренгтгенхирург Нұржан Қарабаев. Аталған ауруханада жыл басынан бері осындай 60-қа жуық ота жасалған. Дәрігерлер мұндай операциялардың көп жағдайда адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін айтады. Шымкент қалалық диагностикалық орталығында бір күндік хирургия әдісі сәтті қолданылып келеді. Бұл тәсіл арқылы науқасқа жеңіл немесе орташа күрделі ота жасалып, сол күні-ақ үйіне жіберіледі. Бір күндік хирургия ауруханалардағы жүктемені азайтып, науқастардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік беруде.

Таяу күндері 39 жастағы қала тұрғынына шап жарығына ота жасалды. Операцияны 20 жылға жуық тәжірибесі бар жоғары санатты хирург Тимур Саламатов жүргізді. Қазір науқастың жағдайы жақсы.

«Бір күндік хирургия – бұл қазіргі медицинаның тиімді әдістерінің бірі. Науқас үшін ыңғайлы: ауруханада ұзақ жатпайды, отадан кейінгі қалпына келу жеңіл өтеді», – дейді дәрігер.

Орталықтың хирургия бөлімшесінде сондай-ақ варикоз ауруы, жарық, диабеттік табан сияқты күрделі диагноздар бойынша ота түрлері жасалады.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *