Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Оранғай ауыл округіне қарасты Бостандық елдімекенінде электрмен жабдықтау құрылысының басталуымен танысты.
Аталған нысан Бостандық елдімекенін сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған. Жобаның тапсырыс берушісі — Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналды шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Құрылыс жұмыстарын «Ынтымақ Бес Арыс» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асыруда. Техникалық қадағалаушы — «AveNiu» ЖШС, ал авторлық қадағалаушы ретінде «Оңбестпроект» ЖШС белгіленген.
Жоба толық аяқталғаннан кейін елдімекен тұрғындары тұрақты және сапалы электр энергиясына қол жеткізуге жағдай жасалады. Аудан әкімі құрылыс барысымен танысып, мердігер мекемеге сапа мен мерзімділік бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, Сауран ауданында тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 56 трансформатор жаңасына ауыстырылды және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС есебінен ұзындығы 17 шақырым электр желісі ауыстырылды, 4 трансформатор орнатылды.
Тұрғындар жаңадан қоныстанған аумақтарға 26 жоба әзірленіп, бюджет өтінімдері ұсынылды. Сондай-ақ, 2025 жылы Ибата, Бостандық, Абай елдімекендеріндегі ескірген электр желілері мен бағаналарын жаңартуға қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары мамыр айында басталды.