19.04.2026
жол

Сауран ауданы А.Үсенов елдімекеніне кіреберіс автожолдың 0-4 шақырымы аралығында орташа жөндеу жұмыстары қарқын алып келеді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құрылыс барысын арнайы барып көріп, жұмыс сапасымен танысты. Сонымен қатар, мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімі жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Аталған жобаның тапсырыс берушісі – Сауран аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Ал жөндеу жұмыстарын мердігер «Жайлау-Агро» ЖШС жүзеге асырып, техникалық қадағалаумен «Сами» ЖШС өкілдері айналысуда.
Жөнделіп жатқан жолдың жалпы ұзындығы – 4 шақырым, ені – 6 метр. Қалыңдығы 5 см болатын асфальт төселуде. Сонымен бірге, жол жиегі екі жағынан 1,5 метрден тегістеліп, жол белгілері мен сызықтары толық орнатылады. Бұл өз кезегінде жол қауіпсіздігі мен жүргіншілерге ыңғайлылықты қамтамасыз етеді.
Аудан әкімі жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуы – басты міндет екенін атап өтіп, жауапты мамандарға нақты бақылау жүргізуді тапсырды.
Бұл жоба – аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, ауылдық инфрақұрылымды дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Алдағы уақытта Сауран өңіріндегі өзге де елді мекендерде жолдарды жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатын болады.
Айта кетейік, Түркістан облысында жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасы қатаң бақылауда тұр. Жуырда облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен кезекті штаб отырысы өтті. Жиында жол саласындағы мәселелер, облыс аумағындағы жолдардың сапасы, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Жалпы, Түркістан облысының аудан, қалаларындағы жол сапасына мониторинг жасалып, талдау қорытындысымен жол жамылғысының сапасы бойынша бірқатар кемшілік анықталған. Жол сапасы сын көтермейтін аумақтарға жауаптылар қатарында 30-дан астам компания бар.
Облыс әкімдігі жол инфрақұрылымының сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуді жалғастырады. Анықталған кемшіліктерді жою шаралары жіті бақылауға алынған. Жергілікті тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы жолмен қатынауын қамтамасыз ету – басты назарда.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *