19.04.2026
баспана
Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңында Сауран ауданының орталығы Шорнақ елдімекенінде көп қабатты жаңа үйлер пайдалануға берілді. 24 пәтерлі екі үйдің кілті кезекте тұрған азаматтарға табысталды.

Аудан тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында соңғы жылдары үй құрылысы қарқынды жүруде. Қазіргі таңда 1800 азамат үй кезегінде тұр.

Өткен жылы Жүйнек ауылында 16 отбасыға үйлер пайдалануға берілген болатын. Жалпы, соңғы жылдары аудан көлемінде 47 100 шаршы метр үй халық игілігіне тапсырылды.

Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан аумағында үйлермен қатар әкімшілік, прокуратура, полиция бөлімінің және аумақтық органдардың жаңа ғимараттары да бой көтерді. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрінісі.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров салтанатты іс-шара барысында тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, баспаналы болған азаматтарға ізгі тілегін жеткізді. Ол аудан тұрғындарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

«Бұл – біз үшін ерекше күн. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында аудан тұрғындарына жаңа баспананың кілтін табыстағалы отырмыз. Бұл – баспанамен қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасады», – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов пен Сауран аудандық мәслихаттың төрағасы Сержан Байыспаев та алғы сөз алып, тұрғындарды құттықтады.
Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған бұл игі іс-шара аудан тұрғындары үшін ерекше қуаныш сыйлады. Жаңа қоныс иелеріне ыстық ықылас пен ізгі тілектер жолданды.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *