31.01.2025
табиғи апат

Қазақстанда табиғи апаттарды сақтандыру қызметі пайда болуы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Дүниежүзілік банкпен бірге осындай тәуекелдерден қорғау тетігін әзірлеп жатыр.

Апат кезіндегі облигациялар табиғи және техногендік апат шығындарын жоюға бағытталады. Табиғи апаттан міндетті сақтандыру бағдарламасын Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып 2015 жылы Қырғызстан қабылдады. Тәжікстанда табиғи апаттар тәуекелін қаржыландыру стратегиясы бар. Өзбекстан да осыған дайындалып жатыр.

«Апат кезіндегі облигацияларды шығару техникалық көмек аясында қарастырылады. Енді оның тетіктерін пысықтау қажет» дейді агенттік. Дүниежүзілік банкпен бірлескен бастамаға құқықтық негіздеме керек. Бұл туралы LS сараптамалық агенттігі хабарлады. БҰҰ деректеріне сәйкес, республика аумағының 75%-і дауыл, көшкін, сел, су тасқыны, эпидемия, қолайсыз температура, жер сілкінісі, орман және дала өрттері болуы мүмкін өңірлерге жатады.

Нұржан Баймурзин, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма басшысының орынбасары: «Мұндай қауіптерден қорғау жүйесі бірнеше элементі қамтуы керек. Солардың бірі апатты жағдайға арналған облигациялар жүйесі. Осындай облигацияларды нарыққа орналастыру арқылы сақтандыру компаниялары  табиғи апаттан кейінші шығындарды өтей алады. Бұл қаражат жинауға арналған кірісі мол құрал. Басқаша айтқанда, ол тұрақтылық пен апат қаупін жабу тетігі».

Апат жағдайында инвесторларға төлем азаюы мүмкін. Экономикалық тұрғыда жағымсыз тұсы осы. Мамандардың айтуынша, мұндай өнімді халықаралық қайта сақтандыру бағдарламаларымен ғана іске қосуға болады. Осындай облигацияларды квазимемлекеттік сектор, жеке компаниялар, мемлекет қаржыландыратын мекемелер шығара алады. АҚШ пен Еуропа елдерінде сақтандырудың бұл түрі жиі қолданылады. Қазақстандағы сақтандыру компанияларының 9-ы өмірді сақтандырумен айналысады. Ондағы қаражат шетел валютасымен есептеледі. 2023 жылдың соңында активтердің басым бөлігін бағалы қағаздар құрады. Олардың құны 1,7 трлн теңге. Екінші деңгейдегі банктердегі ақша мен салымдар – 5,5%, ал сақтандыру дебиторлық берешек 3%  құрады. Өткен жылы сақтандыру төлемдері 47%-ға өскен. Қазақстандықтарға сақтандыру бойынша 244 млрд теңге төленген. Олар мүлікті және өмірді сақтандырудың көбеюімен байланысты.

 

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *