09.07.2026
6a2294b66729d

Бұл жоба өскелең ұрпақтың ғылымға, инновацияға, инженерияға, робототехникаға және ғарыштық технологияларға қызығушылығын арттыруға бағытталған. Түркістандық оқушылар құрастырған «YasSat-2026» наноспутнигі аспанға жол тартты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласын дамыту жөніндегі бастамалары аясында және Мемлекет басшысының 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауына орай Түркістан қаласында тарихи маңызы бар ғылыми-технологиялық жоба жүзеге асырылды. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Түркістан қаласы Оқушылар сарайының 5 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «YasSat-2026: Түркістаннан ғарышқа қадам» жобасы бойынша оқушылар өз қолдарымен құрастырған наноспутникті атмосфераның төменгі қабатына сәтті ұшырды. Бұл жоба өскелең ұрпақтың ғылымға, инновацияға, инженерияға, робототехникаға және ғарыштық технологияларға қызығушылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар оқушылардың теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануына мүмкіндік беріп, ғылыми-зерттеу, конструкторлық және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға жол ашты. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Еркебұлан, Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, Түркістан облысы Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының IT индустриясын дамыту бөлімінің басшысы Айтнұр Мырзагелді, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары, ғалымдар, инженерлер, ата-аналар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында құрметті қонақтар жас өнертапқыштардың еңбегіне жоғары баға беріп, ғылым мен технология саласындағы мұндай жобалардың еліміздің болашағы үшін маңыздылығын атап өтті. Өз сөзінде Түркістан қаласы Оқушылар сарайының директоры Индира Сарқытқызы бұл жобаның жай ғана тәжірибе емес, өңір жастарының ғылыми әлеуетін көрсететін маңызды бастама екенін атап өтті. «Бүгін біз оқушыларымыздың үлкен арманының жүзеге асқан сәтіне куә болып отырмыз. «YasSat-2026» – Түркістан жастарының білімге, ғылымға және технологияға деген құштарлығының нақты нәтижесі. Бұл жоба балалардың болашақта инженер, ғалым және өнертапқыш ретінде қалыптасуына үлкен серпін береді»,деді ол. Жобаға қатысқан оқушылар оқу жылы бойы 3D-модельдеу, микроконтроллерлерді бағдарламалау, сенсорлық жүйелерді құрастыру және тестілеу бағыттары бойынша арнайы дайындықтан өтті. Нәтижесінде олар нақты ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи наноспутник құрастырып шықты. Арнайы гелий газымен толтырылған аэростат арқылы ұшырылған «YasSat-2026» наноспутнигі шамамен 10000 метр биіктікке көтеріліп, жердегі қабылдау станциясына нақты уақыт режимінде ғылыми мәліметтерді жолдады. Құрылғы атмосферадағы температура, қысым, ылғалдылық, ауа сапасы көрсеткіштерін тіркеп, фото және бейнетүсірілім жұмыстарын жүзеге асырды. Жоба аясында жиналған ғылыми деректер алдағы уақытта оқушылардың зерттеу жұмыстарына негіз болып, олардың ғылыми жобалар мен халықаралық байқауларға қатысуына мүмкіндік береді.
Бұл жоба Түркістан өңіріндегі білім беру ұйымдарында STEM бағытын дамытуға жаңа серпін беріп отыр. Оқушылардың наноспутник құрастыруға қатысуы олардың тек теориялық білімін жетілдіріп қана қоймай, нақты инженерлік шешімдер қабылдау, күрделі техникалық тапсырмаларды орындау және ғылыми эксперимент жүргізу қабілеттерін қалыптастырды. Мұндай тәжірибе жас буынның болашақта жоғары технологиялық салаларға бейімделуіне жол ашып, елдің инновациялық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар «YasSat-2026» жобасы өңірдегі білім беру мекемелері мен ғылыми орталықтар арасындағы әріптестікті нығайтуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта осындай бастамалар аясында мектеп оқушыларының халықаралық деңгейдегі ғарыштық жобаларға қатысуы жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде Түркістан жастарының ғылыми ізденістерін кеңейтіп, оларды әлемдік инженерлік және зерттеу қауымдастығына жақындата түседі.
Сонымен бірге «YasSat-2026» наноспутнигі арқылы алынған деректерді өңдеу және талдау жұмыстарына жергілікті IT-мамандар мен жас зерттеушілер де тартылмақ. Бұл процесс оқушылардың деректер ғылымы, жасанды интеллект және аэроғарыштық аналитика бағыттарындағы алғашқы дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жиналған ақпарат болашақта экологиялық мониторинг, ауа райын болжау және ғылыми зерттеулерде пайдаланылуы жоспарлануда.

Жоба аясында Түркістан қаласындағы білім беру ұйымдарында ғарыштық технологияларға арналған арнайы үйірмелер мен зертханалар ашу бастамасы да көтерілді. Бұл инфрақұрылым оқушыларға тұрақты түрде тәжірибе жасауға, жаңа жобалар әзірлеуге және инженерлік шешімдерді сынақтан өткізуге жағдай жасайды. Нәтижесінде өңірде ғылым мен технологияға бағытталған білім экожүйесін қалыптастыруға жол ашылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *