09.07.2026
6a0aa745aafaf

Түркістан облысында халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты дамыту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркияның ірі инвестициялық компанияларының бірі саналатын «YDA Holding» компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Арсланмен арнайы кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Түркістан қаласында салынып жатқан 570 орындық заманауи көпбейінді аурухананың құрылысын аяқтау мәселесін, өңірдегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын және алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты кеңейту жолдарын жан-жақты талқылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм және инфрақұрылым салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәртебелі қонақтарды қасиетті Түркістан өңірінде қарсы алып, соңғы жылдары облыста жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар туралы баяндады. Ол Түркістанның бүгінде түркі халықтарының рухани орталығы ғана емес, халықаралық инвестицияларды тартуға қолайлы әрі қарқынды дамып келе жатқан аймаққа айналғанын атап өтті.

– Қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер. Жуырда ғана Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде өтті. Саммитке қатысқан мемлекет басшылары мен делегация мүшелері Түркістанның даму қарқынына, қаланың сәулеттік келбетіне және іс-шараның ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Бүгінде Түркістан түркі әлемін біріктіретін маңызды рухани әрі мәдени орталыққа айналып отыр. Осы жетістіктердің қатарында сіздердің компанияларыңыздың да еңбегі зор. Қысқа мерзім ішінде халықаралық әуежай құрылысын аяқтап, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға үлес қостыңыздар. Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне келген бес елдің басшысы дәл осы әуежай арқылы Түркістанға табан тіреді. Бұл халықаралық нысанның стратегиялық маңызын көрсетеді, – деді облыс әкімі.

Нұралхан Көшеров өз сөзінде қазіргі таңда «YDA Holding» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан 570 орындық көпбейінді аурухана құрылысының маңыздылығына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл жоба өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар облыс басшысы түркиялық инвесторларды ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, өндірістік кәсіпорындар ашу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және туризм индустриясына инвестиция салуға шақырды. Өңірде инвесторларға барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өткен әкім бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Кездесу барысында сөз алған «YDA Holding» компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Арслан Түркістан облысының соңғы жылдардағы қарқынды дамуына жоғары баға берді. Ол Түркістанның тарихи келбеті сақтала отырып, заманауи халықаралық орталыққа айналғанын ерекше атап өтті.

– Сіздерді Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғандарыңызбен құттықтаймын. Түркістан бүгінде өзінің тарихи миссиясын лайықты атқарып келеді. Мен бұл өңірге бұрын да бірнеше рет келгенмін. Ескі Түркістанды да, бүгінгі жаңарған Түркістанды да көрдім. Қаланың даму қарқыны ерекше әсер қалдырады. Мұнда жүзеге асырылып жатқан жобалар халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Сондықтан біз алдағы уақытта да инвестициялық бастамаларды талқылауға және жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Хусейн Арслан.

Компания басшысы қазіргі таңда салынып жатқан көпбейінді аурухананың құрылысы жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтып, нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отырғанын жеткізді.

– Түркістандағы 570 орындық аурухананы жыл соңына дейін тапсыруды жоспарлап отырмыз. Бұл ең заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жоғары технологиялық емдеу мекемелерінің бірі болады деп сенеміз. Аурухана тек Түркістан облысының тұрғындарына ғана емес, бүкіл өңір халқына сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, – деді компания төрағасы.

Айта кетейік, Түркістан қаласындағы көпбейінді аурухананың құрылысы республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылуда. Аталған жобаға жалпы көлемі 15,6 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында басталған болатын. Бүгінгі таңда нысан құрылысының 86 пайызы аяқталған.

Жобаны іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен мүдделі тараптар арасында қажетті келісімдер жасалған. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары, инженерлік жүйелерді орнату және медициналық жабдықтарды орналастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Жаңа аурухана іске қосылғаннан кейін өңірдегі денсаулық сақтау саласының мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейеді деп күтілуде. Мұнда жоғары технологиялық операциялар жасауға, күрделі диагноздарды анықтауға және заманауи медициналық қызметтердің барлық түрін көрсетуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, білікті дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін тартуға жағдай жасалады.

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан мұндай ірі инвестициялық жобалар өңір экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға да ықпал етуде. Түркиялық инвесторлармен қалыптасқан берік серіктестік алдағы уақытта жаңа жобалар арқылы жалғасып, Түркістанның инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыра түседі деп күтілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *