19.04.2026
_gluster

Көктем келді, алда – жаз. Күн жылығанда табиғат аясына шығып, демалыс ұйымдастыратын тұрғындар жетерлік.

Дегенмен, осындай сәттерде де мұқият болып, сақтық шараларын қолға алу керек. Әсіресе, кенеден сақ болу керек. Бұл қансорғыш жәндік өте ұсақ болғандықтан, көзге бірден түсе бермейді. Сондықтан, адамның денесіне байқаусыз жабысуы мүмкін.

Осы кене – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын таратушы жәндік.

 Бұл ауру адамды кене шаққанда, кенені жалаң қолмен алып тастап, езгенде, қой-ешкіні жалаң қолмен қырыққанда, қанында ауру қоздырғыштары бар малдарды жалаң қолмен сойғанда, малдарға күтім жасағанда арнайы жұмыс киімдерін кимегенде, ауырған адамдардың мұрнынан, басқа ағзаларынан қан кету кезінде, адам құсқанда туыстары көмек көрсетіп, ауру адамға күтім жасағанда жұғуы мүмкін.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – аса қауіпті, табиғи-ошақты, вирусты ауру. Инфекцияның негізгі көзі – вирусты трансмиссивті түрде тарататын және сақтап, тасымалдаушы иксод кенелер. Вирустың уақытша резервуары – ірі мүйізді мал, қой, ешкі, бірақ оларда КҚГҚ-ның клиникалық белгілері болмайды.

Адамда аурудың алғашқы клиникалық белгілері 2-7 күннен кейін біліне бастайды – адамның дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріледі, қалтырайды, басы қатты ауырып, белі, буындары, тұла бойы сырқырайды, әлсіздік пайда болады, жүрегі айнып, құсып, іші өтуі мүмкін, қан тамырлары көгеріп, денесі көкала түске өзгереді.

Осы клиникалық белгілер байқалғанда дереу дәрігерге көрініп, емдеуді мүмкіндігінше ерте бастау қажет.

Аурудан сақтану үшін далалық жерлерде мал жайғанда, шөп шапқанда, серуендеуге шыққанда шалбардың балағын шұлыққа салып, жоғары жақтың бәрін қымтап, кененің кіріп кетпеуін қадағалау керек, әр 2-3 сағат сайын киімдерін, дененің ашық жерлерін қарау қажет. Себебі кене шағар алдында адамның денесіне терінің сезімталдығын әлсірететін сұйықтық себеді, сондықтан адам кененің жабысқанын байқамай қалады. Далалы жерден келген соң сырт киімді шешіп, кенеден тазарту керек.

Мал қораларды қидан тазартып, кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу керек. Малға кене және т.б. зиянды жәндіктерге қарсы арнайы вакциналарды ектірген жөн. Мал қырыққанда, сойғанда арнайы жұмыс киімін, резеңке қолғап киіп, сақтық шараларын сақтанған жөн.

Жануарлар кене шағуы нәтижесінде ауру жұқтырғаннан кейін шамамен бір апта бойы вирус сақтауы мүмкін. КҚГҚ қоздырғышының адамға берілу жолдары: трансмиссивті, байланыстық және аэрогенді.

Трансмиссивті жол – кененің шағуы арқылы, байланыстық жол – жаншылған кенеден, ауру жануарлардың қанымен немесе тінімен, сондай-ақ науқас адаммен байланыс кезінде жұғады.

Зертханада жұмыс жасау барысында аэрогенді жолмен жұғу қаупі бар.

Басты мақсат – адамдарды кене шағуынан сақтау.

Кенеден қорғану үшін:
— жабық, ашық түсті киім кию;
— шалбар балағын шұлық ішіне салу;
— репелленттер қолдану;
— табиғаттан келген соң денені толық тексеру;
— мал сою кезінде қорғаныш қолғаптарын пайдалану.

Камшат Ибраимова, Шымкент қалалық №4 емхананың эпидемиолог-дәрігері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *