19.04.2026
_gluster_

Диабет (лат. diabetes mellitus) – қанда қант мөлшерінің көбейіп кетуінен пайда болатын дерт. Бұл аурумен жас та, егде кісілер де ауырады. Әсіресе, жасөспірім кездегі диабет ауруы өте қиын, мұндай жаста диабетпен ауырғандарға арнаулы дәрі (инсулин) қолдану ұсынылды.Әйтсе де бұл ауру 40-тан асқан, тамақты шектен тыс ішіп, толыса бастаған адамдарға тән болып келеді. Диабет инсулиннің асқазан асты безінен жеткілікті мөлшерде бөлінбеуі салдарынан басталады. Инсулинсіз ағза қант түйіршігін өңдей алмайды. Соның салдарынан қанның құрамында қант мөлшері артады.

Негізгі белгілері:

Үнемі шөлдеу, кіші дәреттің жиілеуі, үнемі шаршаулы сезіну, қол-аяқтың үйып, жансыздануы, үнемі қарын аштығынан арылмау, салмақтың азаюы.

Дерттің пайда болуы себептері:

Ең басты себептің бірі – қантқа тез айналатын көміртегі бар тағамдарды шектен тыс пайдалану. Артық тамақтану және дене еңбегімен шұғылданбаудан дененің толуы да себептің бірі. Сырқатқа шалдығу себебіне тұқым қуалаушылық та жатады. Тағы бір себебі – экологиялық жағдайдың бұзылуы, химиялық өндірістің (фосфор, қорғасын) зиянды әсері. Қант диабетінің кең таралуына ұйқы безінің қабынуы, зақымдануы және ісіктердің пайда болуы да әсер етеді.

Диабетпен ауыратындардың диетасы

Қант диабетінде тамақты күніне 4 реттен кем ішпеу керек, 5-6 рет қабылдау дұрысырақ және үнемі бір қалыптасқан уақытта тұтыну керек. Тағам дәрумендерге, микроэлеметтер мен макроэлеметтерге бай болуы қажет. Тағамның біркелкі болмауын қадағалаңыз, диабетте қолдануға рұқсат етілген өнімдер аз емес.

Күніне қара немесе арнайы диабеттік нанның 200 грамын жеуге болады. Көкеніс көжелерін ішкен дұрыс. Ет пен балық сорпасын аптасына 2 рет қолдануға болады. Жарма, бұршақ, ұн, кеспе тағамдарын сирек және аз көлемде тұтыну керек, бұл күндері нан пайдалануды азайтуға болады. Жармалардың ішінде сұлы мен қара құмықты пайдаланған жөн.

Жеміс-жидектің және алманың қышқыл-тәтті түрлері, лимон, мүкжидек, қызылқарақатты күніне 200-300 грамға дейін тұтынуға болады. Сусындар, көк және қара шай рұқсат етіледі, шайға сүт қосуға болады. Ащы емес кофе, қызанақ шырыны, қышқыл жеміс-жидек шырындарын ішуге болады.

Қант ауруының алдын алу

Екінші типтегі қант диабетін ұзақ уақытқа денсаулықты сақтаумен тоқтатуға болады. Жүрек және бүйрек жетіспеушілігі, инсульт, көру кемістіктері пайда болатын аурулардың құрбаны болмау үшін оның басталуын неғұрлым кері шегеру керек.

Аурудың алдын алумен шұғылдана отырып сіз денсаулығыңызды, әсіресе, жүрек-тамыр жүйелерін нығайтасыз. Қант диабеті жүрек ауруы қаупін орташа есеппен алғанда – 3 рет, ал инсульт қаупін 5 рет жоғарылатады. Зат алмасудың бұзылуы салдарынан жүрек тамырының қабырғалары қалыңдап, тығыздала бастайтын атеросклероз пайда болады.

Өз салмағыңызды қалыпты ұстаңыз. Тек  жүру – семірудің бірден бір емі. Аптасына 5 рет дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылданатын кісілер қант диабетімен ауыру каупін 50%-ға дейін төмендетеді. Кез келген ауа райында күніне 4-5 шақырым жаяу жүріңіз. Дәрумендер қабылдап, күйзелмеңіз. Скинингтен уақтылы өтіңіз.

Шолпан Мырзакеримова,

Шымкент қалалық №4 емхананың эндокринолог дәрігері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *