19.04.2026
т

Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасында ревматологиялық қызметті жетілдіру мен дамыту мәселелеріне арналған маңызды басқосу өтті. Іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс ревматологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Асылбекұлы Тоғызбаев арнайы қатысып, сала мамандарымен тәжірибе алмасты.

Жиынға Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сауле Дүйсенбаева, басқарманың жауапты мамандары, қалалық медициналық ұйымдарда қызмет ететін ревматолог дәрігерлер, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының өзге де өкілдері қатысты.

НАЗАРДА – ҚОҒАМДЫҚ МАҢЫЗЫ ЖОҒАРЫ АУРУЛАР

Басқосуда ревматологиялық қызметтің қазіргі жай-күйі, ауруларды ерте анықтау мен диагностикалаудағы қиындықтар, сондай-ақ заманауи емдеу әдістерін енгізу қажеттілігі жан-жақты талқыланды. Профессор Ғалымжан Тоғызбаев өз сөзінде:

«Бүгінде ревматикалық аурулар тек егде жастағы адамдарды ғана емес, жастар мен еңбекке қабілетті тұрғындарды да жиі мазалайды. Бұл ауруларды ерте сатысында анықтап, тиімді ем қолдану — мүгедектік пен өмір сапасының төмендеуінің алдын алудың негізгі жолы», — деп атап өтті.

Оның айтуынша, ревматология — дәл қазір денсаулық сақтау жүйесінде дамуды, үздіксіз кәсіби жаңаруды қажет ететін бағыттардың бірі.

ШЫМКЕНТТЕГІ АХУАЛ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жиын барысында Шымкент қаласының бас штаттан тыс ревматологы Фарида Джалелқызы арнайы баяндама жасап, мегаполистегі ревматологиялық көмектің ұйымдастырылу барысын таныстырды. Оның айтуынша, қала тұрғындарына ревматологтардың қолжетімділігі артып келе жатқанына қарамастан, бірқатар өзекті мәселелер де бар.

«Қазіргі уақытта Шымкент қаласында ревматологиялық қызметті жақсарту бойынша нақты жоспарлар қолға алынып отыр. Дегенмен, мамандардың жетіспеушілігі, тар бейінді кадрларды даярлау қажеттілігі — бұл салада шешімін күткен мәселелердің бірі», — деді ол.

Жиын қорытындысында денсаулық сақтау саласындағы жауапты тұлғалар ревматологиялық көмекті ұйымдастыруда кездесетін кедергілерді нақтылап, оны шешудің жолдарын белгіледі. Атап айтқанда:

Ревматолог дәрігерлердің біліктілігін арттыру;

Диагностика сапасын жақсарту үшін заманауи зертханалық және аспаптық мүмкіндіктерді кеңейту;

Жас мамандарды ревматология саласына тарту;

Пациенттерді диспансерлік бақылауға алу тиімділігін арттыру;

Емханалар мен стационарлар арасындағы байланысты жетілдіру.

Сонымен қатар, жиын барысында профессор Ғалымжан Тоғызбаев қалалық ревматологтармен клиникалық жағдайларды бірлесе талдап, тәжірибе алмасуға бағытталған ұсыныстарымен бөлісті.

Шымкент қаласы үшін ревматология саласын дамыту – тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Бүгінгі өткен кеңейтілген жиын — бұл бағыттағы нақты шаралардың бастамасы. Мамандардың айтуынша, қабылданған шешімдер мен ұсыныстар алдағы уақытта нақты нәтижелерге әкелуі тиіс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *