19.04.2026
c9d6125a-128f-48f6-b89f-6efe926ebc9a

Қазақстанда денсаулық сақтау саласын жетілдіру және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер медициналық ұйымдардың және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған және Шымкент тұрғындары үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін нығайтуға септігін тигізеді.

Медициналық бақылау комитетіне жаңа өкілеттіктер берілді

Заңға сәйкес, енді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті медициналық қызмет көрсетуге рұқсат құжаты жоқ жағдайларды анықтап, оларды тоқтатуға құқылы. Бұрын бұл тек пациенттің шағымы бойынша жүзеге асса, енді Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасымен немесе бұзушылықтарды дәлелдейтін бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдар негізінде де тексерулер жүргізіледі.

Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау саласының мамандары бұл нормалардың пациенттерді қосымша қорғау деңгейін арттырып, медициналық қызметтер тек лицензияланған және білікті ұйымдар арқылы көрсетілетініне кепілдік беретініне көңіл бөледі.

Медициналық ұйымдардың ақпаратқа қолжетімділігі артты

Жаңа өзгерістерге сәйкес, егер медициналық ұйымның лицензиялары мен санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылары ашық қолжетімді болмаса, ол пациенттердің сұрауы бойынша ақпарат беруге міндетті. Сонымен бірге, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық мекемелердің қаржылық жағдайын бақылап, келісімшарт талаптары бұзылған жағдайда сапасыз немесе көрсетілмеген қызмет үшін алынған қаражатты қайтаруды талап ете алады.

Шымкенттегі денсаулық сақтау ұйымдары мен қордың мамандары қаржылық ашықтықтың медициналық көмектің сапасын жақсартуда маңызды рөл атқаратынын атап өтуде.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайтында енді әр тоқсан сайын МӘМС жүйесіне түскен қаржылардың көлемі, олардың медициналық көмек түрлеріне бөлінуі, әрбір медициналық ұйымға төленген қаражаттар және Қордың әкімшілік шығындары туралы толық мәліметтер жарияланып отырады.

Бұл шаралар Шымкент тұрғындарына қаржының қалай жұмсалып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді және қоғамдық бақылауды арттырады.

Шымкент қаласында бұл өзгерістерге оң пікір білдірген дәрігерлер мен қоғамдық белсенділер пациенттер үшін ашықтықтың артуы және медициналық қызмет көрсету сапасының жақсаруы қала тұрғындарының денсаулығын қорғауда маңызды екенін атап өтті.

Енді шымкенттіктер өздері таңдаған медициналық ұйымның лицензиясы мен қызмет көрсету сапасы туралы ақпаратты ала алады, бұған қоса сапасыз қызмет үшін қаражатты қайтару мүмкіндігі медициналық мекемелердің жауапкершілігін арттырады.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға енгізілген жаңа талаптар Шымкент қаласында медициналық қызмет көрсету жүйесінің ашықтығын және тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл өзгерістер қала тұрғындарына сапалы, сенімді және қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз етуде үлкен мүмкіндіктер ашады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *