19.04.2026
557774110_18091286173831016_8699381388661240587_n

Мемлекеттік тіл – елдіктің белгісі. Ол тек ресми құжаттарда ғана емес, күнделікті өмірде де кеңінен қолданылуы тиіс. Шымкент қаласында осы ұстаным нақты іске айналып отыр: жарнамадан бастап мәзірге дейін – барлығы қазақ тілінде, сауатты әрі заңға сай болуы міндеттелуде.

Шымкент қаласында көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың мемлекеттік тілде ресімделуіне қатысты бақылау жұмыстары қарқын алды. 2023–2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы аясында қолға алынған бұл шара – тек ескерту жасап, айыппұл салу үшін емес, ана тіліміздің қоғамдық өмірдегі орнын нақты іспен бекітуге бағытталған.

Мемлекеттік органдардың мәліметінше, жыл басынан бері қаладағы 16 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан тексеріліп, олардың маңдайша жазулары мен ішкі көрнекі ақпараттарының тілдік ахуалы зерттелген. Нәтижесінде 2 380 кәсіпкерге заңға сай емес жазбаларды түзету туралы ресми ұсынымдар берілген.

Қазіргі таңда бұл ескертулердің негізінде 120 нысан толықтай талапқа сай қайта рәсімделген. Қалғандарында түзету жұмыстары жалғасуда. Заң талабы қарапайым: жарнама немесе маңдайша алдымен қазақ тілінде берілуі керек. Қажет болған жағдайда ғана өзге тілде нұсқасы қосымша орналастырылады. Бұл – заңда нақты жазылған талап.

— Кейбір кәсіпкерлер «клиенттер орыс тілінде оқиды» деген сылтаумен қазақ тілін екінші орынға ысырып жүр. Бұл – заң бұзушылық қана емес, тілге деген немқұрайдылықтың көрінісі. Мемлекеттік тіл барлық салада, әсіресе қоғамдық кеңістікте бірінші кезекте тұруы тиіс, — дейді Шымкент қалалық Тілдерді дамыту басқармасының өкілдері.

Мемлекеттік тілге бет бұрған мекемелердің қатарында «Мадлен», «Мизам», «Nanduk», «Ankara» секілді ірі қоғамдық тамақтану орындары да бар. Бұл нысандар мәзірлерін, ішкі және сыртқы көрнекі ақпараттарын мемлекеттік тілде қайта әзірлеп, көпшілікке үлгі бола білді.

Заң бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған. Мәселен, шағын бизнес иелері үшін – 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), орта бизнеске – 10 АЕК, ал ірі кәсіпорындарға – 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл – шамамен 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықтағы сома.

Тек соңғы бір айда ғана «Е-Өтініш» жүйесі арқылы 112 жарнама жобасы сарапқа түсіп, оның 97-сіне нақты түзетулер енгізілген. Бұл – атүсті жасалған емес, кәсіби тіл мамандарының тексеруінен өткен жұмыстар.

Қала әкімдігі түсіндіру жұмыстарын да назардан тыс қалдырмай отыр. Кәсіпкерлерге арнайы әдістемелік құралдар таратылып, WhatsApp, әлеуметтік желілер және «2ГИС» картасы арқылы да нұсқаулықтар жіберілуде. Тіл саласындағы мамандар мен еріктілерден құралған топтар көрнекі ақпараттағы қателерді анықтап, кәсіпкерлерге тікелей кеңес беруде.

Алайда, соған қарамастан, қала көшелерінде әлі де заң талабына сай келмейтін жаңа жарнамалар мен шетел тілінде жазылған маңдайшалар кездеседі. Басқарма өкілдері бұл бағыттағы бақылау жұмыстары жалғасатынын және талапты орындамағандарға шара қолданылатынын ескертеді.

Шымкент қаласының қазіргі тілдік саясаты – ұранмен емес, іспен дәлелденіп келе жатқан бағыт. Тілдің тағдыры тек ұстаздың емес, кәсіпкердің де, дизайнердің де, жарнама берушінің де жауапкершілігіне айналған шақта, бұл талаптың уақытылы қойылып отырғаны анық.

Қазақ тілі – тек өткеннің емес, бүгінгі мен болашақтың тілі. Ол заңмен қорғалуға ғана емес, шынайы құрметке де лайық. Шымкент бұл ретте өз бет-бейнесін тілі арқылы қалыптастырып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *