Біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанның инвестициялық тартымды мемлекетке айналуы. Мемлекет те, құзырлы органдар да, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да осы бағытта жұмыс істеп келеді. Бірден айтайық, соңғы жылдары Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы үшін кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бизнесті қолдау мақсатындағы 100-ге жуық тетіктердің арасында кең ауқымды бағдарламалар, қаржылай және қаржылай емес қолдау көрсету, гранттар, кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден алған несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілдік қолдау, оқыту және басқа да көптеген бағдарлама бар.
Кәсіпкерлер палатасы тарапынан іскерлік бастамалары бар азаматтарға кеңес беру, консультация, кәсіпкерлерге құқықтық көмек, сервистік қолдау, мемлекеттік органдармен бірге кәсіпкерлерді оқыту, біліктілік арттыру сияқты қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар Палата жанынан түрлі саладағы кәсіпкерлердің салалық кеңестері құрылып, туындаған проблемалар мен түрлі сұрақтар дер кезінде талқыланып, шешімін табуға жағдай жасалған. Қажет болған жағдайда кәсіпкерлердің мәселесін орталық мемлекеттік органдарға жеткіземіз.
Бұл тұста жергілікті атқарушы билікпен және прокуратура, экономикалық тергеп-тексеру сияқты құзырлы органдармен бірлескен жұмыс жүйеге қойылғанын айты керек. Соның нәтижесінде «Іскерлік климат» рейтингі аясында жүргізілген тоқсан сайынғы сауалнама деректері Шымкент қаласының өңірлер арасында инвестициялық тартымдылық бойынша айтарлықтай серпіліс жасағанын көрсетті.
Инвестицияны нақты жұмылдыру және бизнес қоғамдастықпен тығыз жұмыс істеудің нәтижесінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді, бұл – мемлекеттік органдардың инвестициялық жобаларды институционалдық сүйемелдеуді күшейтуінің оң нәтижелері.
Осы инвестиция мәселесіне Мемлекет басшысы күні кеше Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да баса назар аударды. Президент, сонымен қатар, кәсіпкерліктің ел экономикасын қозғаушы күштің бірі екенін атап өтіп, заңнаманы күрделендірумен емес, оны кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне бейімдеуді, іскерлік саладағы заңнамаға терең ревизия жүргізіп, жаңартуды тапсырды.
Бұл бизнесті қорғаудың тағы бір маңызды құралы болары сөзсіз.
Жалпы, біздің басты мақсатымыз – кәсіпкер мемлекеттің қолдауын сезінетін және өз құқықтарын қорғауға сенімді болатын әділ, ашық және қауіпсіз бизнес-ортаны құру.
Сабира Адамбекова,
Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры