Шымкент қаласында Жеңістің 80 жылдығына орай тыл еңбеккерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, олардың денсаулық жағдайына тұрақты түрде медициналық бақылау жүргізілуде. Осы мақсатта №2 қалалық аурухананың білікті мамандары ардагерлердің үйлеріне арнайы барып, жоспарлы скринингтік тексерулер ұйымдастыруда. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың нақты көрінісі.
Медицина ардагер үйіне өзі барады
Аурухана мамандары соңғы кезекте тыл ардагері Қалакүл Алчабаеваның үйіне барып, оның денсаулығына жан-жақты тексеру жүргізді. Тоқсан жасқа толған ардагердің жалпы жағдайы жасына сай тұрақты. Қалакүл апа еңбек жолын байланыс саласында бастап, «Қазақтелеком» және «Қазпошта» мекемелерінде 24 жыл бойы адал қызмет атқарған. Бүгінде 12 немере мен 16 шөберенің сүйікті әжесі атанып отыр.
Ардагерді тексеруге терапевт, невропатолог, эндокринолог, оториноларинголог және ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) маманы тартылып, әрқайсысы өз саласы бойынша кеңес берді. Қан қысымы, буын мен жүрек-қантамыр жүйесіне қатысты аурулары бойынша ардагер диспансерлік бақылауға алынған. Оның денсаулығы кардиолог маманның тұрақты қадағалауында, ал қажетті дәрі-дәрмектер мемлекет есебінен тегін берілуде.
«Ардагердің өз бетімен дәрігерге келуі қиын болса, қажетті дәрілерді баласы немесе аймақтық мейіргер үйіне жеткізіп береді. Бұл — тек медициналық көмек емес, адамгершілік пен жауапкершілік үлгісі», — дейді дәрігерлер.
Бір күнде бес ардагерге қызмет көрсетілді
Сол күні медицина қызметкерлері тағы төрт тыл ардагерінің үйіне барып, скринингтік тексерулер жүргізді. Дәрігерлердің айтуынша, олардың барлығы да 90 жастан асқан жандар. Ең үлкені — 97 жаста. Жасына байланысты созылмалы аурулары мен кейбір шағымдары болғанымен, жалпы жағдайлары тұрақты.
Медицина қызметкерлері бұл ардагерлердің барлығын тұрақты түрде бақылауда ұстап отыр. Ай сайын учаскелік дәрігерлер мен медбикелер үйлеріне барып, қан қысымын өлшеп, жүрек пен тыныс алу жүйесін тексеріп, қажет болған жағдайда қосымша зерттеулерге жолдама береді.
«Ардагерлерге медициналық көмек көрсету – біздің тек кәсіби міндетіміз емес, бұл – азаматтық борышымыз», – дейді дәрігер Абай Қасымбек.
Қамқорлық – құрметтің белгісі
Ұлы Отан соғысы жылдарында ел үшін тер төккен тыл еңбеккерлері – бүгінгі ұрпақ үшін өнеге. Олардың ерлігі мен еңбегін бағалап, өмір сапасын жақсартуға бағытталған мұндай іс-шаралар еліміздің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі болып табылады.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Ардагерлердің өмір сүру сапасын арттыру, уақтылы дәрі-дәрмекпен қамту, олардың денсаулық жағдайына мониторинг жүргізу – қоғамдық жауапкершіліктің бір бөлігі.
Тыл ардагерлеріне көрсетіліп жатқан медициналық көмек – мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты қамқорлықтың және құрметтің көрінісі. Бұл – еліміздің тарихына, егде жастағы азаматтардың денсаулығына деген жауапкершілік пен құрметті көрсететін маңызды бастама.
Ардагерлердің амандығы – халықтың аманаты. Оларға деген қамқорлық – біздің парызымыз.