19.04.2026
6863d438192a4

Жыл басынан бері қалада кене шағу бойынша медициналық көмекке 530 адам жүгінген. Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары – Тұрымбетова Айгүл Мелесқызы төмендегідей мәлімдеме жасады. Шымкент қаласы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ), сібір жарасы, бруцеллез сияқты аса қауіпті инфекциялық аурулар бойынша қолайсыз өңірлер қатарына жатады. 2025 жылдың 30 маусымына дейінгі мәліметке сәйкес қалада КҚГҚ-ның 2 расталған жағдайы тіркелген. Ауруға шалдыққан екі адам Түркістан облысында мал бағу кезінде кене шаққаннан жұқтырған. Жыл басынан бері қалада кене шағу бойынша медициналық көмекке 530 адам жүгінген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,8 пайызға жоғары. Мамандырдың айтуынша, кене шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну аса маңызды. Қаладағы 11 елді мекенде көктемгі кезеңде мемлекеттік тапсырыс аясында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, тамыз айында II кезең дезинсекция жоспарланып отыр. Мамандар үй маңындағы қораларды, аула мен қоқысты механикалық тазалау қажеттігін ескертеді. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, жеке меншіктегі қораларда кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын тұрғындардың өз қаражаты есебінен жүргізуі міндетті. Бұл қауіпті індеттің таралуына жол бермеудің ең тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады.

Шымкентте бруцеллез ауруының 7 жағдайы тіркелді. Мамандардың мәліметінше, аурушаңдықтың себептерінің бірі – қала маңындағы ауыл шаруашылық малдары арасында бруцеллездің таралуы. Бруцеллез – адамға малдан жұғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру созылмалы түрде өтіп, бірнеше рет қозуы мүмкін.
Аурудың алдын алу мақсатында тұрғындар жеке бас гигиенасын қатаң сақтап, арнайы қорғаныш киім киюі қажет. Ет пен сүт өнімдерін тек қайнатып немесе пісіріп тұтыну керек. Қол жарақаттарын таңып, жұмыс соңында міндетті түрде қолды жуу — ауруды жұқтырудан қорғайтын қарапайым әрі тиімді амалдар. Үйдегі малдарды ветеринар маманға тұрақты түрде тексертіп, ауру анықталған жағдайда оқшаулап жою керек.
Қала аумағында сібір жарасы бойынша 8 стационарлық қолайсыз бекет арнайы бетон қоршаумен белгіленген. Бұл орындарда кезінде ауру малдар сойылған. Сонымен қатар, малқорымдардың айналасында 1000 метр радиуста шаруашылық жұмыстары мен мал бағуға тыйым салынған. Бұл талаптар аурудың таралуын болдырмауға бағытталған.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *