5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Осынау атаулы күнге орай Сауран ауданында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, сенбілік жұмыстарының барысымен танысты.
Табиғатты аялауға бағытталған бұл іс-шараға аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен еріктілерден құралған 400-ге жуық адам белсенді түрде атсалысты.

Сенбілік барысында ауыл көшелері, қоғамдық аумақтар мен жасыл желектер еккен орындар қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға 12 арнайы техника жұмылдырылып, 60 тоннаға жуық қоқыс жиналды, тиісті орындарға шығарылды. Тал-дарақ суарылып, ағаштардың түптері әктелді.

Сондай-ақ, сенбілік аясында Шорнақ–Бабайқорған бағытындағы ұзындығы 20 шақырымдық автомобиль жолының бойы да тазартылып, қоқыстар мен үйінділерден аршылды. Бұл бағыттағы жұмыстар елдімекендер арасындағы санитарлық жағдайды жақсартуға септігін тигізді.